МТРА жаңалықтары

Су тасқынына сапалы дайындық қажет

Сонда қызыл судың да қауіпі төнеді. Естеріңізде болар өткен жылы көктем келгенде қызыл су өңірдегі бірқатар жол учаскілерін шайып, үйлерге де кірген еді. Биыл тіршілік көзінің мұндай бас көтеруіне жол бермеу керек. Әрине, апат айтып келмейді. Десе де, сақтықта қорлық жоқ деген қағиданы ұстанған абзал. Бұған төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бүгіннің өзінде жұмысты қызу жүргізіп жатыр.

Павел Филиппов – СҚО ТЖД бастығы:

-Бүгіннің өзінде проблемалы аудандар анықталып, тиісті шаралар қолға алынды. Оқыс оқиға бола қалған жағдайда 900-ден астам техника зардап шеккендерге көмекке бармақ. Жұмыс күші де бар. Төтенше жағдай бола қалса тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға көшіретін машиналар сақадай сай. Бүгіндері құрылыс және инертті материалдарды дайындау шаралары жүргізілуде.

Қыс мезгілі келгелі бері облыста елді мекендерден 300 мың текше метр қар шығарылған. Осы ретте облыс әкімі барлық құрылымдарға жағдайды ерекше бақылауда ұстау керектігін тапсырды.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Қала және аудан әкімдеріне қар шығаруды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырамын. Аудандардағы жағдайды тексеру керек. Автожолдардағы су өткізу құбырларын да бақылауға алған жөн. Оларды тазалау шараларына аса мән беру қажет. Қызыл су өткен жылғыдан көп болады. Науқанға қазірден сапалы дайындалсақ, апаттың алдын алуға мүмкіндіктер бар.

Көктем мезгілінде Есіл ауданындағы Корнеевка елді мекеніндегі 3 үйді жылда су басатын көрінеді. Бүгін бұл проблема түпкілікті шешілген. Тұрғындар басқа жерге көшіріліпті. Кездесуде тағы жөндеуді қажет ететін 5 гидротехникалық құрылымдар жайы да сөз болды. Оларды қалыпқа келтіруге 1 млрд теңгеден астам қаржы керек екен. Кейін жиында Петропавл және Сергеев су қоймаларының жағдайы айтылды. Соңғысында тіршілік көзінің көлемі 3,5 млн текше метр болады деп күтілуде. Ол өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Десе де, өңір жетекшісі олардың даярлығын үнемі бақылауда ұстауды жүктеді.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

-Жобалық-сметалық құжатты әзірлеп, ендігі жылы Шарық су қоймасын толығымен қалыпқа келтіру керек. Сондықтан жұмыстарды бәсеңдетпеңіздер.

Республикалық 60 және облыстық, аудандық маңыздағы 179 жол учаскесі де қауырт маусымда ерекше сақтық шаралын талап етеді. Оның үстіне көптеген су өткелдері мен көпірлер 20-шы ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Мұны да назарға алған жөн. Кейін селекторлық режимде қосылған Қызылжар және Уәлиханов аудандарының әкімдері көктемгі су тасқынына даярлықтарын баяндады. Алғашқысында 7 елді мекенді су шайып кету қауіпі бар. Сол себепті, қазір оларда ауыл шаруашылығы құрылымдары тартылып, қар тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жиын соңында облыс әкімі барлық жауапты ведомство басшыларына қауырт маусымға дайындық жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.

 

 

 

Магжан Ахмадина