Спорт

Петропавлдық “Құлагер” көкшетаулық “Арланнан” екі мәрте басым түсті

Ірі жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген көкшетаулық ұжым, бүгінгі ойында есе қайтаруға қамданып шықты. Төрешінің ысқырығы шалынып, қарымта кездесу басталды. Ойын тізгінін бірден қонақтар алып, алғашқы минуттың өзінде-ақ екінші бестіктің шабуылшысы Алексей Иванов “көкжалдарды” алға шығарды.

Тез гол жіберіп алған құлагерліктер таблодағы есепті теңестіруге аттанды. Арлан командасының аймағындағы қарбалас сәттердің бірінде Алексей Коптяев қақпаға шайба салды. Осылайша бірінші периодта өз аяғына жетті.

Ал екінші жиырма минуттық қос команда арасындағы алғашқы кездесу секілді айна қатесіз қайталанды. Бірінші болып 29-шы нөмірдегі алғашқы бестіктің шабуылшысы Максим Волков әдемі мәнерлеп сырғанап барып, Дмитрий Волошинді қапы қалдырды.

Кейін араға 30 секундтай уақыт салып құйындай орап соққан айдын иелері Антон Дубининнің көмегімен өз басымдықтарын айқындай түсті. Есеп 3-1, Құлагер алда. Мерзімінен бұрын тұрақты чемпионаттың жеңімпазы атанған “көкжалдар” петропавлдықтарға гол соға алмай пұшайман болуда. Теріскейліктердің қақпасына қалай соққы бағыттаса да, қалай тынымсыз төпелесе де Джон Мюррей бәрін тойтарып, хас шеберлік танытты. Осы қарқында екінші периодта аяқталды.

Үшінші кезеңді көкшетаулықтар белсенді бастады. Айдындағы сан басымдықты ұтымды пайдаланған Константин Теслюкевич көк жолақтың бойынан жойқын соққы бағыттап, таблодағы есепті 3-2 қылып өзгертті. Көкшетаулықтар тағы шайба салуға тырысқанымен Петропавлдықтар қайта жеңіске жетті.

Игорь Валеев – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

-Біз бұл ойынға тыңғылықты дайындалдық. Кездесу алдында бапкер көкшетаулықтар өте шебер ойыншылардан жасақталғандығын ескерткен. Бізге үздік үштікке қалай болсада көтерілу қажет. Сол себепті де бар күшімізді салып жеңіске жеттік.

Айта кету қажет, бұл күнге дейін маусым басталғалы көкшетаулық “көкжалдар” сырт алаңнан ұпайсыз үйіне қайтқан емес. Осыны тілге тиек еткен “Арлан” ХК бас бапкері Виктор Богатырев баспасөз мәслихатында, петропавлдықтарды жеңіспен құттықтады.

Виктор Богатырев – “Арлан” ХК бас бапкері:

-Қос ойын жайлы айтатын болсам, кеше біз тек бірінші периодта ғана жақсы ойын өрнегін көрсете алдық. Бұл ретте қарсылас команда бізден әлдеқайда басым түсті. Оны мойындау қажет. Бүгінде кешегісінен таймай соңына дейін ойнады. Қос кездесуден ұпайсыз үйге қайтқалы отырмыз.

Бұл ерліктен кейін теріскейлік ұжым турнирлік кестеде 83 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.

Вячеслав Белан – “Құлагер” ХК бас бапкері:

-“Арлан” ел біріншілігіндегі ең тегеурінді қарсылас. Оны турнирлік кесетедегі орны дәлелдейді, тіпті мерзімінен бұрын тұрақты чемпионаттың жеңімпазы атанды. Алайда алда әлі үш командаға қарсы 6 кездесу бар. Мұндай қарсыласты тізе бүктіру екінің бірінің қолынан келмейді. Шәкірттерім осы жолы ерледі.

Енді “Құлагер” өзінің келесі ойынын ақпанның 9 мен 10 күндері түзде, Өскемен қаласында өткезеді. Онда жерлестеріміз екі күн бойы жергілікті “ШҚО” командасымен күш сынасатын болады.

 

 

Риат Шони