МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру балабақшадан басталады

Кішкентайлар ортасында болып жатқан құбылыстарды бақылап, ылғи ересектердің іс-әрекетін аңдып, сөзін қайталайды. Сондықтан ата-аналар, педагогтар әр қадамын аңдап басып, өзінен кейінгі толқынға үлгі көрсете білуі қажет дейді мамандар. Осы жиынға “Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру” тақырыбы арқау болды. 10 жылдық тәжірибесі бар Толқын Бұлқайырова балаға “Қауіпсіздік” деген сөздің мағынасын ұғындыру керек деп есептейді.

Толқын Бұлқайырова – “Айгөлек” балабақшасының тәрбиешісі:

-Мен балаларға жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің мінез-құлқын өлең жолдары арқылы жеткіземін. Осылайша оларға қаупсіздік деген сөздің мағынасын ұғындырамын.

Семинар-тренингте балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып мұғалімдері – барлығы 40-қа жуық адам “Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру” тақырыбы төңірегінде дәрістер оқып, алдын ала әзірлеп әкелген бейнероликтерін көрсетті. Сабақ барысында бүлдіршіндерді, оқушыларды топтастырып отырғызған жөн дейді мамандар. Сол кезде олар қолда бар заттарын өзгелермен бөлісіп үйренеді екен.

Ирина Якимова – СҚО білім басқармасы жанындағы Бiлiм саласындағы әдiстемелiк жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

-Ата-аналар да бір-бірімен дос болып, өзге жанұялар жайлы бөтен сөз айтпау керек. Оның бәрі баланың қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ, ата-аналары балаларын қайырымдылық шараларына белсенді қатыстыру қажет. Осы кезде кішкентайдың бойында жанашырлық сезімін оятуға болады. Ал біз педагогтар тәрбиеленушілердің бойына адалдық, мейрімділік, ,бауырмалдылық, татулық, кеңпейілділік, достық сезімдерін сіңіру қажетпіз.

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы осыған ұқсас шара колледждер мен ЖОО-ның қабырғасында жыл соңына дейін жиі ұйымдастырылмақ.

Нұрлан Жахин – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы:

 

-Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру” ұғымы білім саласына біртіндеп енгізілуде. Оқушылар қазір жемқорлық деген не, оның салдары неге әкеліп соқтыруы мүмкін екенін жақсы білуі керек.

Жиын соңында жақсы жұмыстың иегерлеріне сертификаттар табысталды. Алдағы уақытта педагогтар әзірлеген бейне материалдар ғаламторға жүктелетін болды.

Берік Қасен