МТРА жаңалықтары

Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов халық алдындағы 3-ші есептік кездесуін өткізді

Татьяна Бабаева – Жұмысшы кентінің тұрғыны:

-Марат Иманбайұлы, сіздің жұмысыңыз ауыр екенін білеміз, бізді тыңдап өтінішімізді орындап жатырсыз. Соған алғысымды айтамын. Сізге айтарым, Жұмысшы кентінде жолдарды жөндеп берсеңіз.

Татьяна Бабаеваның айтуынша, Воровский көшесі 16 жыл қатарынан жөнделмеген. Негізі жиналыста Жұмысшы кентінде тұратындар жолдардың әлі де мәз еместігін айтты. 4-ші бағыттағы шағын автобустарының жүргізушілерінің үстінен шағым түсірді. Өйткені, олар таңертең және кешке соңғы аялдамаларға тоқтамайтын көрінеді. Сондай-ақ, аудандағы жылу құбырларының сырты қапталмаған. Салдарынан жылу далаға кетіп жатыр дейді тұрғындар.
Осы сұрақтарға жауап берген Марат Тасмағанбетов қиыршық тастан қайран жоқ, батпаққа батып, суға құм сепкендей болады. Сондықтан, биыл Жұмысшы кентіне табиғи тастар төселіп, үстіне құм себеміз деді. Және өзге де мәселелер назарсыз қалмайтындығын айтты.
Сәуле Шакенова жиналысқа ақсаңдап келді. Нәзік жанды “Береке” шағын ауданындағы жолдың жиектеме тастары биік, содан аттап өтемін дегенде сүрініп аяғымды жарақаттап алдым дейді.

Сәуле Шакенова – Береке шағын ауданының тұрғыны:

-Екі көліктің ортасында қаламын деп жолдың шетіне жүгіріп шықпақшы болғанымда бордюрға сүрініп құлап, аяғымды жарақаттап алдым.

Сәуле Шакенова “Береке” шағын ауданында жолдардың тарлығын, қардың дұрыс тазаланбайтындығын, қоқыс салатын контейнерлердің жоқтығын шаһар басшысына жеткізді.

Марат Тасмағанбетов – Петропал қаласының әкімі:

-Қаладағы қоқыстарды шығарумен жеті кәсіпорын айналысады. Бірақ, олар жан-жаққа шашылған тұрмыстық қалдықтарды жинап үлгермей жатады. Контейнерлерді қоямыз, бірақ сіздер де мәдениеттілікті сақтап қоқысты далаға шашпай, контейнерге салып үйреніңіздер. Тағы айтарым, бүгінде 45 үйде пәтер иелері кооперативінің төрағасы не үйдің үлкені жоқ. Бұл тек жергілікті атқарушы органның кінәсі емес, ПИК-тері төрағаларының кеңесін құрдық, бюджеттен қаражат бөлініп жатыр. Бірақ, сіздер де дайын асқа тік қасық бола бермей, ұжымдасып үйлеріңізді, аула маңын ретке келтірсеңіздер болады ғой

.Осы күні Вокзал аумағында тұратындардан Бензострой, Сенная база кенттері мен Егемен Қазақстан, Абай, Әуезов көшелерінің тұрғындары да орайы келіп тұрғанда ұсыныс-тілектерін шаһар басшысына айтып қалды. Баспаналарда гидравликалық қысым төмен, үйдің 2-ші қабатына су жетпейді.

Залда халық әкімге сұрақтарын жаудырып жатқанда, сыртта қалған бір тобы ішке кіре алмай айғайға басты.

Жиын барысында тұрғындар Солтүстік Қазақстан Электр желісін тарату компаниясы, Петропавл жылу жүйелері серіктестігі қызметкерлерінің жұмысына көңілдері толмайтындығын жеткізді.

Сайран Оразаев – Каманин көшесі, 194-ші үйдің тұрғыны:

-Сәтпаев – Каманин көшелеріндегі кей учаскелерді жөндеу керек. Күзде, көктемда саз.

Светлана Симакова – Береке шағын ауданының тұрғыны:

 

-Радищева көшесі, 24-ші үйде ПИК-і не үйдің үлкені жоқ. Мен екі жыл бұрын осы үйден баспана алып басым бәлеге қалды. Үйде қариялар көп тұрады. Ауладағы жолды қалыпқа келтірсе деймін.

Марат Тасмағанбетов алда екі есептік кездесу өткізіп, петропавлдықтардан түскен ұсыныс-тілектерді таразылап, маңыздысын биылдан қалдырмай шешеміз деп уәде етті.

Берік Қасен