Спорт

Петропавлдық “Құлагер” ХК көкшетаулық “Арланды” тізе бүктірді

-Ойынды тамашалауға Көкшетаудан арнайы келдік. “Құлагермен” өтетін кездесу біздер үшін өте қызық. Матч тартысқа толы болады деген сенімдемін.

Тағатсыздана күткен кездесу көпке созылмай басталып кетті. Арландықтар, әрине қалпақпен ұрып алатын қарсылас емес. Өте тегеурінді ұжым. Қонақ хоккейшілердің барлығы мұз айдынында көз ілеспес жылдамдықпен қимылдайды. Ойынның он екінші минутында көкшетаулық шабуылшы Марко Вирталаның жолы болып есеп ашты.

Осыдан соң жерлестеріміз қанша тырысқанымен алғашқы периодта гол соға алмады.
Ал, келесі жиырма минуттықта бапкердің ақылын тыңдап шыққан теріскейліктер қарсылас қақпаны төрт рет дәл көздеп голдан тау тұрғызды. Алдымен Ильгиз Нуриев көзге түсіп таразы басын теңестірді.

Бұл сәтте петропавлдық жанкүйерлердің қуаныштарында шек болмады. Осыдан соң тағы да сол көк жейдедегі Ильгиз Нуриев пен Владислав Никулиндар бір-бір шайба авторлары атынып үлгерді. Ал, матчтың 35-інші минутында Антон Дубинин әріптесі Игорь Валеевтің пасын керегіне жаратып 4-1-ге жеткізді. Бұл гол көкшетаулық ойыншылар үшін жығылғанға жұдырық болды.

-Құлагер өте жақсы ойнауда. Тек жеңіс!

-Біздің жігіттерге жарайсыңды айтсаң жарасады. Бүгін мерейімізді бір асырып тасталы.

Үшінші кезеңде 24 нөмірдегі құлагерлік шабуылшы Анатолий Васильев бесінші шайбаның авторы атанды. Ойынның қалған минуттарында көкшетаулықтар қанша тырысып баққанымен теріскейліктер қақпаның кілтін таба алмады.

Антон Дубинин – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

-Ойын өте тартысты өтті. Арландықтар бәрімізге белгілі мезгілінен бұрын чемпионат жеңімпазы атанды. Алайда, қонақтар чемпиондыққа қарамай бізге тартысты тегеурін танытты. Ұжымдағы жігіттерге келетін болсам олардың барлығы мұз айдында шебер өнер көрсетті. Ойыннан үш ұпай олжалағанымызға қуаныштымыз.

Бұл кездесуден кейін теріскейлік құрама 80 ұпаймен турнирлік кестеде төртінші орынға көтерілді.

 

 

Култанов Байболат