МТРА жаңалықтары

2015 жылы облыстық ҚХА ұйымдастыруымен 3760 шара өткен

Солтүстікқазақстандықтар ҚХА 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған түрлі ауқымды шараларға асқан белсенділікпен қатысты. Атап айтсақ, біздің өңір «Менің елім Қазақстан» поезы келіп тоқтаған бірінші станция болды. Республикалық тағы бір акцияның аясында Петропавлға «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» эстафетасының символы «Тайқазан» жеткізілді.

Наиль Салимов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

-ҚХА жылы – ұлттардың бір-бірінің тарихи құндылықтарын зерттеп біліп, қызығушылығын арттыруға ұйытқы болды. Өткен жылы халықтық жобаларды жүзеге асыруға ат салыстық. Мысалы, «Ұлы дала елі» шарасының мақсаты – ата-баба жері мен ұлы қазақтың даласын аралап, тану. Біз де өңірдің тарихи ескерткіштер орналасқан Айыртау ауданына сапар шеккен болатынбыз.

Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда толеранттылық пен этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған 4 мыңға жуық мерекелік іс-шара өтті.

Наиль Салимов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

-Биыл армян, әзірбайжан мәдени бірлестіктерінің фестивалі өтеді. Ал, күрттердің мұндай шарасы алғаш рет ұйымдастырылғалы отыр.

Қазір жоғарғы оқу орнында студенттерге қоғамдағы ұлтаралық келісім мен татулық тақырыбын көбірек қамтитын дәрістер беріліп, арнайы курстар өткізіліп жүр.

Людмила Гривенная, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі:

-Біз университет қабырғасындағы тақталарға кезекті дәрісіміздің тақырыбы мен өтетін күнін жазып қоямыз. Тақырып қызықтырған кез келген азамат келіп біздің сабаққа қатыса алады. Айтайын, ҚХА кафедрасы елміздің 11 қаласындағы ЖОО ғана бар.

ҚХА мүшелері ұлттар мен ұлыстардың достастығын ғана ойлап қоймай, көмекке зәру жандарды да назардан тыс қалдырмай келеді. Осы айдың аяғына таман облыс орталығында жергілікті кәсіпкерлер мен атқамінер азаматтардың қатысуымен алғаш рет үлкен көлемдегі қайырымдылық балын өткізбек. Ұйымдастырушылар 2 млн теңге көлеміндегі қаражат жиналады деп жоспарлауда.

Әсемгүл Есқожа, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

-Біз көмектессек деген үш бала бар. Олардың сырқатының емі сырт мемлекеттен ғана табылып отыр. Біз шетелдік клиникамен байланысқа шықтық. Осы себепті кешкі қайырымдылық балын өткізбекпіз. Аукцион да болады. Ол үшін өңірдің А.Винокуров, Ж.Жақиянов сынды спорттағы мақтаныштары өз заттарын берді. Одан түсен қаржы да сырқат балғындардың игілігіне жұмсалады.

Өңірде 154 аудандық этномәдени бірлестік, 24 облыстық этномәдени орталық бар. Олар қазіргі уақытта Елбасының бастамасымен 1 наурызда әр өңірде өтетін «Ризашылық күніне» дайындық үстінде.

 

 

Акбопе Танирберген