МТРА жаңалықтары

Жамбыл ауданының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

Иван Турков – Жамбыл ауданының әкімі:

-Өңірлерді дамыту бағдарламасын іске асыруда 1279 адам еңбекпен қамтылды. Жұмыс іздеп, атқарушы органдарға жүгінген 831 тұрғынның 606-сына көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 102 жас маман жұмысқа қабылданды.

Ауыл шаруашылығы – ауданның экономикасына тікелей әсер ететін бірден бір сала. Мемлекет қолдауының арқасында агроөнеркәсіп кешеніндегі оң өзгерістер тұрақты сипатқа ие болды. Айталық, жергілікті аграрийлер жаңа техникалар сатып алып, өнім сапасын арттыруда. Ал, шаруашылықтар 1608 бас ірі қара сатып алды. Оның 880-і – асыл тұқымды.

-Агробизнес-2020″ бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Сыбаға» бағдарламасымен 231 ірі қара мал, «Құлан» бойынша 53 жылқы, «Алтын асық» арқылы 400 қой сатып алынды. Мемлекет тарапынан мал шаруашылығына 151 млн теңгеден астам қаражат берілді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейінде өсім байқалады. Ал, жекелеген салалар бойынша көрсеткіштер керісінше төмендеп кеткен. Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова “Бұл бағытта тиісті шараларды қолға алу керек”, – деп аудан басшылығына тапсырма жүктеді.

Анархан Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары:

-Мал шаруашылығы саласында төмен көрсеткіштер байқалады. Статистика мамандарының сөзіне сүйенсек, ірі қара саны – 7, жылқы – 24, қой саны 11 пайызға төмендеп кеткен. Ал, 2014 жылға қарағанда еңбекпен қамтылған тұрғындар саны артқанымен жұмыссыздық саны әлді де төмендемей тұр.

Есептік кездесу барысында Иван Турков азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Аудан тұрғындарын жұмысқа орналасу, балаларды жазғы сауықтыру лагерлерімен қамту, жол жөндеу сынды мәселер толғандырды.

Жиылған жамбылдықтар ауданда бассейн салу туралы да сөз қозғады. Айтуларынша, нысанның жобалық-сметалық құжаты да бар. Тек, қаржылай қолдау қажет. Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова “Бұл мәселенің үкімет қаулысы шыққаннан кейін, кезек келгенде қарастырылатынын” айтты.

-Аудан орталығы бойынша қоғамдық көлік қозғалысы жаңғыртыла ма? Автобус күтуге арналған аялдамалар қашан орнатылады?

-Биылғы жылдың бюджетінде аялдамалар орнатуға қаражат бөлінген. Біреуін аудандық аурухананың жанына, екіншісін орталыққа орнатамыз. Автобус мәселесіне келсек, өткен жылы жолаушылар тасымалдаумен айналысқан жеке кәсіпкер биыл бұл қызметінен бас тартты. Сондықтан, қайта байқау жарияладық. Қорытындысы ақпанда шығады.

2015 жылы Жамбыл ауданында өткен есептік кездесуде 110 ұсыныс пен ескерту түсіп, оның 36-ы бақылауға алынған. Өзгесі шешімін тауып, олар бойынша сәйкес түсіндірулер берілген.

 

Акбопе Танирберген