МТРА жаңалықтары

Мамлют ауданында қазынаға инвестиция тарту жағы ақсап тұр

Ерболат Бекшенов – Мамлют ауданының әкімі:

-Былтырғы қолайсыз ауа райына қарамастан 199 мың тонна астық жиналды, орташа өнімділік гектарынан 16,9 центнерден болды. Былтырғы жылдың басынан бері 173,9 млн теңгеге 22 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында келген 10 жас маманға 135,9 млн теңге көлемінде көтерме ақы берілді. Бүгінгі күні ауданда 856 бизнес субъектісі қарқынды жұмыс істеп келеді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 4 кәсіпкерге 10,7 млн тенге көлемінде қолдау көрсетілді. Тұрғын үй құрылысына 110,6 миллион теңге инвестиция құйылып, қолданысқа 3 мың шаршы метр баспана берілді. Биыл тағы екі мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа тапсырылмақ.
Жиын барысында тұрғындар сөз алып, аудан орталығындағы стадионның жарамсыз күйде екендігін айтты.

Төлеген Омаров – Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Ауданымызда стадион жоқ. Біз қарттар мен жастар атынан жаңа спорттық нысан салуға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. Бізде жобалық-сметалық құжаттар бар.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Әрине, бұл мәселені шешу қажет. Биыл оның құрылысы басталады. Оған қажетті қаражатымыз бар.

Мамлют ауданында әлі атқарылар шаруа жетерлік. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов аудандағы агрорқұрылым басшыларының мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігі төмен деді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық техникасына қажетті инвестициялар құйылмай отыр.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Былтыр республикадан облысымызға 17,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Биыл да сонша қаражат ауыл шаруашылығына қарастырылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 311 млрд теңгені құрады. Оның 3,9 пайызы Мамлют ауданына тиесілі. Былтыр аудан диқандары жаңа техникаға сұраныстарын білдірмеді. Бұл әрине, жаман көрсеткіш. “Сыбаға” бағдарламасы 71 пайызға ғана орындалды. Ауданда сүт өңдейтін кәсіпорындар аз. Тек қымыз ғана жасайды. Ет экспорты жоқ. Омбы облысымен шекаралас аудан болғандықтан, бұл бағыттқа қарқын қосу керек. Сонда ғана ауданға қажетті инвестициялар тартылады.

Есептік кездесуде Мамлют қаласының жолдары туралы да біраз сын айтылды. Облыс әкімі 2016 жылы бұл түйіткілді мәселенің шешілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, жиын барысында мектептерді жөндеу, көшені жарықтандыру мәселелері қозғалды. Ерік Сұлтанов көтерілген сұрақтар назарға алынады деді.

Осы күні облыс әкімі Мамлют өнер мектебіне соқты. Бүгінде өнер мектебінде 250-ден астам оқушы тәлім алады. Олар үшін би, ән, бейнелеу өнері үйірмелері жұмыс істейді. Ерік Сұлтанов оқытушылар қауымына жұмыста сәттілік тілеп, компьютер мен ноутбук сыйға тартты.

 

Берик Касен