МТРА жаңалықтары

Ақжар ауданының әкімі халық алдында есеп берді

Владимир Бубенко – облыс әкімінің орынбасары:

-Былтырғы жылы өңірде 1148 орынға шақталған бірнеше мектепке дейінгі білім беру ошағы ашылды. Олардың екеуі жеке кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асып отыр. Келер жылы аймақтағы балабақшаға деген сұранысты 98 пайызға орындау міндеті тұр.

Владимир Бубенко елді-мекендегі мектепке де атбасын бұрды. Білім ошағына футбол, волейбол доптары мен хоккей ойнауға арналған 10 имек таяқ сыйлады. Жалпы, Құлыкөлде 160 шаңырақ түтін түтетіп отыр.

Сондай-ақ, Владимир Бубенко жол-жөнекей Ақжар аудандық электр жүйесі орталығына соқты. «Көкшетау энерго» ЖШС құрамына кіретін бұл жерден аудандағы 25 ауылға электр көзі еш кедергісіз жеткізіледі.
Бұдан кейін, Владимир Бубенко Ақжар ауданы әкімінің есептік кездесуінде болды.
Бұл күні мәдениет үйіне жиналған жұрттын қарасы қалың болды. Акт залын лезде толтырған тұрғындардың аудан басшысына қоятын сұрақтары жеткілікті. Сексеннің сеңгіріне шыққан Зәкен Қажымұратовты жол мәселесі алаңдатады. Қарияның айтуынша жауын-шашын мол түскен жылдары сапасыз төселген грейдерлер үгітіліп, көлікпен жүру тіптен қиындайды.

Зәкен Қажымұратов – Талшық ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

-Ауданда атқарылған шаруа көп, атқаратын шаруа одан да көп. Бізде облысқа қатынайтын жол мәселесі қиын.

Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралинов кездесуде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Былтыр ауыл шаруашылығымен айналысатын барлық серіктестіктерге 531,9 млн теңгенің субцидиясы беріліген. Ауданда мемлекеттік “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары да сәтті жүзеге асуда.

Серікбай Тұралинов – Ақжар ауданының әкімі:

-Біздің ауданда мал шаруашылығының дамыту мықтап қолға алынған. Былтыр “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 102 млн теңгеге 359 бас ірі қара мал сатып алынды. “Құлан” бағдарламасы бойынша ауданға 128 бас жылқы әкелінді. Оған 65 млн теңге жұмсалды.

Ауданда “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы негізінде жалпы көлемі 945 шаршы метрді құрайтын 11 тұрғын үй пайдалануға беріліпті.

Серікбай Тұралинов – Ақжар ауданының әкімі:

-Биыл жаңа спорт кешенін салу жоспарда бар. Айта кеткен жөн, 2016 жылы жол жөндеу жұмыстарына да көп көңіл бөлеміз. Бұл мәселелерді шешу үшін облыстық бюджеттен 118 миллион теңге бөлінбек.

Ауданда инфрақұрылымды дамытуға кәсіпкерлер де қол ұшын беруде. Өткен 2015 жылы “Ащыкөл элеваторы” серіктестігі трассадан селоға дейінгі 11 шақырым жолды жөндепті. Оған 32 млн теңге жұмсалған. Ал, ауданда түйткілді мәселелердің бірі болып келген ауыз су қазір тұрғындардың үйлеріне тартылуда.

-Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Ақжар ауданында мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен, былтыр ауыз су 5 елді-мекен халқының үйіне тартылған. Ал, осы жылы тіршілік көзі Талшықтық тұрғындарға жетпек.

Жылына бір рет болатын әкімнің есептік кездесуін жергілікті халық асыға күтеді. Бұл жиындарда түйткілді мәселелелер шешіліп жатады.

Владимир Бубенко – СҚО әкімінің орынбасары:

-Мен бұл мәселені білемін. Енді ауылдарыңызға зерттеу-сараптама комиссиясы барады. Жіті тексерістен соң олар өз шешімдерін айтады.

Келесі сұрақ Ленинград селосы тұрғынынан болды. Ол өзінің елді-мекеніне халық банкі терминалын орнатуды сұрады.

Сұрақ:

-Біздің селода халық саны басқа елді-мекендермен салыстырғанда басым. Сондықтан халық банкі терминалын орнатып ақшаны өзімізден алсақ дұрыс болар еді.

Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко мәселені шешуге болады деді.

Владимир Бубенко – СҚО әкімінің орынбасары:

-Ленинград селосы бұрынғы аудан орталығы. Сондықтан терминалдың болғаны дұрыс деп ойлаймын. Мен бұл мәселе бойынша Халық банкінің облыстағы филиалының директорына хабарласамын.

Жалпы, облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко Ақжар ауданының дамуына оң бағасын берді.


Култанов Байболат