Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданының шаруалары мемлекеттік бағдарламалар аясында мал басын көбейтуде

Алғали Нұрмұқанов – кәсіпкер, Мамлют ауданы:

-2 млн несие алдым. 70 бас аналық қой мен 3 бас қошқар сатып алдым. Міне, биыл қойларым қоздап жатыр. Өзімнің 56 Га жерім бар. Жем өзімдікі, шабындық жерім бар.

Қазір Алғали Нұрмұқановтың 140 бас ұсақ малы бар. Еңбекқор азамат келешекте Еділбай қойын 300-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Негізі Мамлют ауданының кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуда. Өткен жылы шаруа басшылары “Алтын асық” жобасы аясында 330 бас қой, “Құлан” бағдарламасы бойынша 184 бас жылқы сатып алыпты. Олар, сондай-ақ мүйізді ірі қараның да басын көбейтуде.

Ерболат Бекшенов – Мамлют ауданының әкімі:

 

-Былтыр “Сыбаға” бағдарламасы аясында 650 бас қара мал сатып алынды. Соңғы жылдары ауданда мал тұқымын асылдардыру жұмыстары нәтижелі жүзеге асуда. Өткен жылы “Қызыләскер” ЖШС-нің базасында қалмақ тұқымды ірі қараға арналып асыл тұқымды репродуктор құрылды. Жалпы Мамлют ауданында осындай барлығы төрт репродуктор бар. Олар “Белое Агро”, “Житница” серіктестіктері мен “Мамбетов и К” КС-де құрылды. Онда қазір ангус, қалмақ, қазақтың ақ бас сиырларының басы көбейтілуде.

Мамлют ауданының еңбекқор азаматтары былтырғы жоспарды толығымен орындап, 50 тонна қара мал етін экспорттаған.
Қазір мұнда барлығы 54 ЖШС, 186 шаруа және фермерлік қожалық бар. Оның 70 пайызы егінмен қоса мал шаруашылығын қатар алып жүр.

Берик Касен