Білім

Бiрiншi қалалық жалпы бiлiм беретiн лицейге – 25 жыл

Елена Коноплева – Бiрiншi қалалық жалпы бiлiм беретiн лицейдiң директоры:

-Мектептің негізін Александр Сергеевич Слухаевский қалап, мұнда алғашында тек жоғары сынып оқушылары білім алды. Қазір жағдай өзгерді. Бізде барлық жастағы балалар оқиды. Мектепке дейінгі даярлық сынып та бар. Жалпы оқу ордасының өзгелерден басты айырмашылығы, біз әр балғынның тұлғалық қасиетін дамытуды көздейміз.

Бүгіндері бұл міндетті мектеп оқытушылары абыроймен орындап келеді. Сол еңбектері үшін олардың бір қатары сахнаға көтеріліп, наградаларын алуда. 14 ұстаз облыстық және қалалық білім басқармаларының грамотасына ие болса, «Қазақстанның білім саласының үздігі» төс белгісі де осы кеште иесін тапты.

Наталья Толдыкина – Бiрiншi қалалық жалпы бiлiм беретiн лицейдiң химия пәні мұғалімі:

-Менің шәкірттерім – президенттік және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Биылғы жылы 13 оқушым химия пәнінен қалалық додада жақсы нәтиже көрсетсе, ал облыстық олимпиадада 3 алғашқы орынды жеңіп алды. Осы марапат сол жұмыстарымның нәтижесі деп білемін.

Ал мектеп директоры Елена Коноплева облыс әкімінің құрмет грамотасына ие болды.

Мектеп ұжымының жетістігін қала әкімі Марат Тасмағанбетов те атап өтті.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Елбасы Н.Назарбаев, бүгінгі таңда, келер ұрпақтың сапалы білім алуына, саналы тәрбиесіне баса назар аударады. Сондықтан, ұстаздар алдында үлкен міндеттер қойылған. Аталған лицей қала мектептерінің арасында әрқашан алдыңғы қатардан көрініп жүр. Әрине, оқушылардың үлкен жетістіктерге жетуі – ұстаздардың қажырлы еңбектерінің нәтижесі.

Шаһар басшысы үздік 4 ұстазға грамота табыстап, сыйлыққа компьютерлік сынып алуға сертификат берді.

 

Магжан Ахмадина