Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір ғалымдары 3 жылға жоспарланған бағдарламамен жұмыс жасауда

Ғалымдар соңғы 2-3 жылда елімізде алғаш тебіндік жайылым үшін ауыспалы жайылым жүйесін құрастырыпты. Патенттелген жаңа зерттеу жұмысы жылқылардың аз уақыттың ішінде тез салмақ қосуына септеседі. Осы күні институт мамандары жылқылардың жем-азығын түрлендіру жолдарын қарастырып жатыр.

Бекет Иманқұлов – Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары:


– 10 жылдай осы өнімділігі жоғары жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Осы уақытта қымыз өндіріп-сақтаудың бірнеше технологиясын жасап шықтық. Биылғы 3 жылдықта біз жылқы шаруашылығын интенсивті дамыту ғылыми жобасы қолға алдық.

Өңірде асыл тұқымды ірі қара санын арттыру бойынша тәжірибелер жүргізу де осындағы ғалымдарға тікелей қатысты. Соңғы 10-15 жылда жергілікті ғалымдар Тайынша ауданындағы “Асылтұқымды Алабота зауыты” серіктестігі мамандарымен бірігіп, қазақтың ақбас тұқымының “Алабота” мұқыл типінен жаңа аталық іздерін шығарды. Бұдан өзге жергілікті ғалымдар ірі қараның “ақбас бай” тұқымын будандастыруды да қолға алыпты.

Асқар Естанов – Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі

– Биылдан бастап тағы бір аталық ізді дайындап жатырмыз. Оның аты “Ақбас бай” деп аталады. Бұл бұқа өзгелеріне қарағанда бір ерекшелігі тез өседі, аз уақыт ішінде мол салмақ жинай алады. Оның қазір ұрпақтарын басқа шаруашылықтарға таратып жатырмыз.

Институт өткен жылы 60 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын орындаған.

Қанат Мыңжасов – Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

 


– Ең бірінші мақсат Елбасы айтып кеткендей біздің облыста егін егуден басқа мал шаруашылығын дамыту керек деген болатын. Осы күні шетелден импорттық малдар келіп жатыр. Агус, герефорд, лимузин бар тағысын тағы. Солармен біздің мамандар жұмыс жасап жатыр, келісімшартқа отырып. Оған бізде бар жағдай бар.

Институт ғалымдары өткен жылы мал және өсімдік шаруашылығы жайлы 5 монографиялық еңбек жазған.

Бакыт Садуакасов