МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтөлешов округтердің тұрғындарына есеп беруде

Былтыр бұл сұрақтарды Власовка ауылдық округының әкімі Серік Ағзамов халық алдындағы есептік кездесуінде қағазына түртіп алыпты. Ал айта-айта жауыр болған су, жол, көшенің жарықтандырылуы сынды өзекті проблмелардың шешілетініне жергілікті халық сенбейді. Себебі ол сұрақтар жылдар бойы кейінге шегеріліп келеді дейді.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

– Биыл Власовка селосына жаңа су тарату желісі тартылмайды. Алдымен жобалық-сметалық құжатты әзірлеп алу керек. Бұл шаруа шамамен екі жылға созылуы мүмкін. Жоспар бойынша Власовка, Тоқшын және Қиялы елді мекендеріне су 2017 жылға қарай тартылады.

Әкім Дәурен Байтөлешовтің айтуынша, биыл жолдарды жөндеу жұмыстарына басымдық берілмек.

Дәурен Байтөлешов – Аққайың ауданының әкімі:

– Биыл жолдарды қалыпқа келтіру үшін ауданға 320 млн. теңге бөлінді. Қаражаттың дені Қиялы-Смироново және Тоқшын – Трудовое бағытындағы облыстық маңыздағы жол учаскелерін жөндеуге бағытталмақ.

Тұрғындардың жол жөндеуші мердігер компаниялардың жұмысына көңілдері толмайды екен. Петр Давиденко осы бағытта бақылау жұмыстарын күшейткен жөн дейді.

Кейбіреуі Аққайың ауданындағы Қиялы станциясында поез билеттері сатыла бастаса екен дейді. Себебі осы көлік түрімен алыс жол жүретін жерлестерімізден жолсеріктер көп ақша алатын көрінеді.

Анатолий Шеденко – Власовка селосының тұрғыны:

– Қиялы станциясы жөнделді. Бізге онда поезға билет сатылады деп уәде бердіңіздер. Соны орындамайсыздар ма?

Аудан әкімі Дәурен Байтөлешов бұл әкімдіктің құзырындағы мәселе емес, біз теміржолшыларға хат жолдаймыз деп өтінішті жылы ысыра салды.

Соңғы жылдары Аққайың ауданында мал ұрлығы көбейіп кеткен. Мысалы, 2014 жылы 20 , былтыр 24 мал қолды болған. Ал жергілікті тәртіп сақшылары болса, ұрылардың бойына құрық бойлата алмай жүр.

Берік Қасен