Қоғам

Петропавлда биылғы жылғы 1-ші бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Олар бірден әр мекеме ұсынған бос орындармен жіті танысуда. Өткен жылмен салыстырғанда адамдар осы жолы мұғалім, медициналық мамандықтарға деген қызығушылықтың көп екені байқалып отыр.

Ғалия Сәбитова – Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесіне облыс орталығындағы 20 мекеме қатысуда. Олар 200-ден аса мамандық түрін ұсынды. Өткен жылы ұйымдастырған осындай 12 шара арқылы еңбекпен 494 жерлесіміз қамтылды.

Жәрмеңкеден екі қолға бір күрек іздеп жүргендердің бірі – Юрий Васильев. Жас жігіт осыдан үш жыл бұрын аяғын шалыс басып, тәртіп бұзыпты. Қазір азамат қоғамнан оқшаулаусыз жазаға сотталғандардың есебінде тұр. Оның айтуынша, жауапкершілікке тартылғандардың жұмыс табуы қиын.

Юрий Васильев:


–  Бүгінгі жәрмеңкеге біз сияқты есепте тұрған адамдардың қатыстырылып жатқанына ризамын. Осыдан біраз жылдар бұрын дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Енді сол қызметімді жалғастырғым келеді.

Қазір облысымызда тәртіп бұзып, жұмыс таппай жүрген 1000-ға жуық тұрғын бар. Олардың саны қаламызда 200-ге жетіп жығылады.

Динара Жаманбаева – Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы:


– Қалалық пробация қызметі сотталғандардың жұмысқа орналасуын үнемі назарда ұстап отырады. Біз облыс орталығындағы мекемелермен осы мәселер бойынша жиі келіссөздер жүргіземіз.

Бүгінгі бос орындар жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша 90 адам қызметке орналасу үшін мекемелерге әңгімелесуге жіберілді. Ал, 10 тұрғын қоғамдық жұмысқа шақырылса, 15-і кәсіби шеберліктерін артыру үшін қайта оқу курстарынан өтуге мүмкіндік алды.

Култанов Байболат