МТРА жаңалықтары

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер келді

Владимир Беккер мен облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев барлығымен танысып, кейін залға өтті. Мұнда оларды өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы өңірдің бас құтқарушысы құлағдар етті. Павел Филиппов қазір қыс мезгілі болғандықтан ең алдымен осы уақытта орын алатын төтенше жағдайлар, жолдардың жабылуы мен жылыту пункттерінің қызметіне тоқталды.

Павел Филиппов – СҚО ТЖД бастығы:


–  2015 жылы қар құрсауынан 3300 адам мен 1100-ден астам техника босатылды. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тұрғындар 25 рет ескертіліп, ол туралы БАҚ-нан хабарланып, тұрғындарға СМС-тер жөнелтілді. 300-ге жуық жылыту пунктері жасақталып, 4 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материалдар әзірленді.

2016 жыл басталғалы солтүстіктің сарышұнақ аязы 2 рет құтқарушыларды әбігерге салып үлгерген. Онда барлық бағыттағы жолдар жабылып, қар құрсауынан 300-ден астам адам босатылыпты.
Былтыр теріскейде 770 өрт оқиғасы орын алған. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 5 пайызға аз. Десе де қызыл жалын 129 млн теңгеден астам шығын әкеліп, 39 адамның өмірін жалмады. Ал жыл басталғалы 213 өрт тіркеліп, салдарынан 81 адам қаза тапқан.

Соңғы кездері оттың тұрғын үйлерде тұтану фактілері артып отыр. Әрине алаңдатарлық жайт. Сондықтан, Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер бұл – алдын алу жұмыстарының ақсап тұрғандығының салдары деді. Яғни, қағазбастылыққа бет бұрғанша, одан да нақты тексеріс жұмыстарын жүргізу керек.

Владимир Беккер – ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

–  Бізге келіп түскен есептерге қарап, алдын алу жұмыстарының қалай жүргізілгендігін көреміз. Бүкіл өңірлер барлық шаруаларды өткіздік деп қағаз жібереді. Онда мыңдаған үйді араладық, ескерту парақшаларын тараттық деген сандар жазылып тұрады. Ал жекелей алып тексере бастағанда, ешқандай жұмыстың жасалмағандығын, барлығы сол қағаз жүзінде қалғанын көреміз. Алдағы уақытта мұндайға жол бермеу керек.

Биыл өңірде қар мөлшерінің шамадан тыс жауғаны белгілі. Сондықтан, көктемгі су тасқынына да дайындық шараларын күшейту қажеттігі айдан анық. Бұған құтқарушылар бүгіннің өзінде жұмысты қызу жүргізіп жатыр. Қар шығару жұмыстары орындалып, техникалардың даярлығы тексерілуде.

Асхат Бәкішев – СҚО ТЖД ескерту бөлімінің бастығы:


–  Облыста шұғыл әрекет ететін 14 жасақ құрылды. Оның құрамына 464 бірлік техника мен 1000-нан астам адам кіреді. Көктемгі су тасқыны кезінде олардың қатары арта түспек. Егер оқыс жағдайлар бола қалса, онда тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға көшіретін машиналар сақадай сай. Бүгіндері құрылыс және инертті материалдарды дайындау шаралары жүргізілуде.

Өңірге келген Владимир Беккер саладағы көптеген проблемаларға да тоқталып өтті.

Владимир Беккер – ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:


–  Соңғы уақыттарда көгілдір отынды тұрғындардың дұрыс пайдаланбау фактілері көбейіп кетті. Бұл бізді алаңдатып отыр. Ел бойынша 3 жыл ішінде 300-ден астам апат тіркелген. Газды дұрыс пайдаланбау жарылыстың орын алуына әкеледі. Бұл жағдай адам шығынынсыз болмайды. Сондықтан, осы проблема бойынша қазір жұмыс істеп жатырмыз. Алдын алу шараларын күшейттік.

Сондай-ақ, Владимир Беккер кадр мәселесіне баса назар аудару керектігін айтты. Өңір құтқарушылары өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа жол бермесе де, еліміздің өзге аймақтарында ондай жағдайлар тіркелген. Сондықтан мұны қаперде ұстаған жөн. Өйткені төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы заңбұзушылыққа жол бергендер бірнеше жылғы еңбегі мен лауазымына қарамастан жұмыстан босатылатындығын жеткізді. Жиын соңында адал еңбегімен көзге түскендер облыс әкімінің алғыс хаты мен ведомствалық наградаларға ие болды.

Магжан Ахмадина