Ауыл шаруашылығы

Көктемгі егін себу науқанына әзірлік басталып кетті

Жауапты маусым алдында “Қазагро” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ның өкілдері аграрлы өңірлерді аралап, егіс науқанын қаржыландыру бағдарламасын мұқият түсіндіруде. Аталған жоба аясында солтүстікқазақстандық диқандар биылға 60 миллиард теңге несие алған.

Бауыржан Қасенов – “Қазагро” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі:

– Жыл сайын Үкімет көктемгі дала жұмыстарын уақытында жүргізуге қыруар ақша бағыттап отырады. Диқандарға айтарым заемның пайыздық мөлшерлемесі сол қалпында қалды. Шаруаларды қаржыландыру аймақтардағы екінші деңгейлі банктердің филиалдарында жүргізіледі.

Бұдан кейін жергілікті агроқұрылым басшыларына өткен жылы “Қазагро” АҚ бастамасымен қолға алынған кооперативтерді құру жобасы түсіндірілді. Біздің өңірде бұндай ұйым бар. “СҚО бойынша аймақтық астық холдингі” деп аталатын кәсіпорынға теріскейдегі ірілі-ұсақты 53 серіктестік пен шаруа қожалықтары топтасыпты. Пилоттық жоба егін егетін диқандарға ісін өркендетуге қажетті несиені аз уақыттың ішінде алуға мүмкіндік бермек.

Марат Ысқақов – “СҚО бойынша аймақтық астық холингі” ЖШС директоры:


– Өңірлік астық кооперативтерін бірнеше серіктестіктер бірігіп құра алады. Мәселен, ауданда 10 диқан бір жерге топтасса, арасынан бір басшы тағайындалады. Барлығы бір кооператив құрамына қосылғанымен өзіне тиесілі егістік алқаптарын бұрынғысынша сақтап қалады. Пилоттық жобаның артықшылығы екінші деңгейлі банктерден несие алу жолы жеңілдемек. Былтыр кооператив құрған облыстағы 61 фермер 965 миллион теңге несие алды. Қазір қаржының 680 миллионы мемлекетке қайтарылды.

Серғазы Қарымсақов 10 жылдан бері Аққайың ауданындағы “Гагарино” серіктестігіне басшылық етеді. Диқан өңірлік астық кооперативтерінің жұмыс істеу жүйесі әлі де болса өңдеуді қажет етеді, – дейді.

Серғазы Қарымсақов – “Гагарино” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Жобаның әлі де болса шикі тұстары бар. Сондықтан бағдарламаның тетіктерін қайта қарап шықса дұрыс болар еді.

Өңірлік астық кооперативтерінің тиімділігін уақыт көрсетеді.

 

Бакыт Садуакасов