МТРА жаңалықтары

Субсидиялауға өтінімді енді ХҚКО арқылы беруге болады

Бір адамға қызмет көрсету үшін шамамен 15 минут уақыт кететін көрінеді.

Эльман Танрывердиев – қала тұрғыны:


–  Мен әскери қызметке орналасу үшін құжаттарымды жинап жүрмін. Мында келіп едім, жұмысымды ойлағанымнан да аз уақыттың ішінде бітірдім. Мамандардың тұрғындарға көрсеткен қызметі өте жылдам.

Біздің өңірде дәл осындай 16 орталық бар. Олар тұрғындарға 200-ден аса қызмет түрін көрсетеді. Енді қаңтар айының соңынан бастап мұнда мал шаруашылығымен айналысушылар және жер иеленушілер жүгіне алатын болды. Оларға арналып 8 қызмет түрі әзірленген. Жаңашылдықтардың барлығы субсидия алуға өтінім білдіру үшін жасалған. Мәселен, мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмекті асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығын мен сапасын арттыру мақсатында рәсімдеуге болады.

Нұрлан Искандаров – “ХҚКО” РМК СҚО бойынша қалалық №1 бөлімінің басшысы:

– Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке және заңды тұлғалар келе алады. Бұрын тұрғындар субсидияға қол жеткізу үшін белгілі бір кесте бойынша көрсетілетін қызмет берушінің кеңсесіне тікелей жүгінетін. Бұл, әрине ұзақ уақыт алады. Енді мемлекет тарапынан 8 бағыт бойынша көрсетілетін қаржылай көмектің үшеуін электрондық үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады. Ол үшін сандық қолтаңбаңыз болса жеткілікті.

Жалпы орталықта мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі күрделілігіне қарай 6 және 41 жұмыс күні аралығын құрайды.

Култанов Байболат