Білім

Солтүстікқазақстандық педагогтар 12 жылдық білім беруге дайын

Бүгінде бұл бағдарлама бойынша облыс орталығындағы №16 және М.Жұмабаев ауданы Сарытомар орта мектептерінде апробация жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жаңашылдыққа солтүстікқазақстандық педагогтар толығымен дайын дейді СҚО білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:

-оқу жылы жаппай жаңа стандартқа көшу мәселесінде мұғалімдерді дайындау биылғы жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының базасында 100 пайыз қарастырылған. Сондықтан мұғалімдердің дайындығы толығымен шешілген мәселе. Алдымыздағы жылы тек қана 1-ші сынып ауысатын болады, ал келесі жылдары екінші сыныпқа ауысып жатқанда мұғалімдер біртіндеп жылдан-жылға дайындықтан өтзіледі.

Ағымдағы жылы облысымызда 832 мұғалім деңгейлік дайындықтан ал, 1200-ге тарта педагог пәндік курстардан өткізіледі деп жоспарланған. Айту керек, биыл өңірімізде 5 жылда бір рет мектептерді аттестациядан өткізу жұмыстары жүргізілді. Аталған сыннан солтүстікқазақстандық 40 мектеп сүрінді. Ал екінші рет берілген мүмкіндікте тағы да 11 білім мекемесі шалынған.
Сондай-ақ, өңірде дуалды білім беру де мықтап қолға алынды. Мәселен, 2015-2016 оқу жылдарында бұл жүйемен облысымыздың 12 коледжі 80 кәсіпорынмен әріптестік орнатып, 24 түрлі мамандық бойынша 2300-ден астам студентті оқыту үстінде. Ағымдағы жылы бұл тізімге тағы да бірнеше білім мекемесі енгізілмек.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:


–  2016 жылы бұл жүйе бойынша оқытумен тағы 3 колледж айналысатын болады. Олар Айыртау ауданы, Саумалкөл ауылының агротехникалық колледжі, Ғ.Мүсірепов ауданы Рузаевка ауылының және Тимирязев аудандық агротехникалық колледждері. Жалпы биыл дуалды біліммен 2700 студент қамтылмақ.

Сонымен қатар, облысымызда балабақшамен қамту жұмыстары да біртіндеп шешіліп келеді. Өткен жылдың өзінде ғана 1148 бүлдіршін мектепке дейінгі білім берумен қамтылған екен.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 97%-ы мектепке дейінгі білім берумен қамтылған. Балабақша мәселесін шешу облыс орталығында да жүргізіліп жатыр. 2016 жылы 1 мыңнан астам бала мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі аясында балабақшамен қамтылмақ. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады.

Айту керек, облысымызда мектептегі кітапханалар қоры да жыл сайын жаңартылып отырады. Мәселен, былтыр 427 млн теңгеге 543 мың дана оқулық сатылып алынды. Ал биыл бұл мақсатқа 208 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

Айгерим Ержанов