Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-сының әкімдігі ЕАЭО шарты аясында инвесторлармен ортақ жоба құруда

Соның аясында ел нарығына инвестициялар тартылып, ірі зауыт, кәсіпорындар өзге де маңызды нысандар салынуда. Мысалы былтыр ресейлік “Холливуд” компаниясының басшысы өз қаражаты есебінен М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында әмбебап сауда үйін тұрғызды.

Әрсен Оразалинов – М.Жұмабаев аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

– Ресейлік “Холливуд” компаниясы сауда нысанын жеке қаражаты есебінен тұрғызды. Жобаның құны – 147 млн. теңге. Азық-түлік пен тұрмыстық заттар сатылатын алып дүкен заман талаптарына сай жарақталған. Мұнда халық тұтынатын азық-түлік өнімдерінің сегіз мың түрі жайғасқан. Оның 70%-ы – отандық тауар. Сонымен қатар, бұл жерде Булаев қаласының 30 тұрғынына жұмыс берілді.

Бұл елімізде шағын және орта бизнес субъектілері мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғандығының бір дәлелі.

Татьяна Ревенко – СҚО Экономика басқармасының бөлім жетекшісі:

– Алдағы уақытта ресейдің тағы бір компаниясы Тайынша ауданында май дақылдарын өңдеуге арналған зауыт тұрғызбақшы. Алып нысан жылына 330 мың тонна майлы дақылдарды өңдеп, жылына 145 мың тонна май шығармақшы.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясында миллиондаған қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.

Татьяна Ревенко – СҚО Экономика басқармасының бөлім жетекшісі:


– Бес ел арасында тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрылды. Бұл дегеніңіз қатысушы елдер арасында еркін тауар айналымы қалыптасты. Еңбек ресурстары нарығы бірігуде. Яғни, жастар қалаған ЖОО-рына түсіп, түрлі саланың мамандары сол елдерде біліктілігін жетілдіре алады.

Негізі ЕАЭО құру туралы шарт Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешіп қана қоймай, қатысушы елдердің мүмкіндіктерін біріктіру арқылы экономиканы бірлесе жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Берік Қасен