МТРА жаңалықтары

Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасы өткен жылды қорытындылады

Мәселен, былтыр 8 азаматты пойыз қаққан. Салдарынан 3-уі сол жерде тіл тартпастан көз жұмса, 5-уі түрлі дене жарақаттарын алыпты. Мұндай қайғылы оқиғаға ұшырағандардың көбі мас адамдар көрінеді. Осыған байланысты мамандар қазір алдын алу шараларын күшейткен.

Нұрболат Қатуов – Солтүстік Қазақстан көлік прокуроры:

– Қазіргі уақытта мәселелердің барлығы біздің бақылауда. Осы күні көліктерді тексеретін бекеттер орнаттық.

Айта-айта жауыр болған мәселе – жергілікті халықаралық әуежай басшылығының өз жұмысшыларына айлап жалақы төлемеуі. Осыған байланысты көлік прокурорлары өткен жылы 8 әкімшілік хаттама жазған. Нәтижесінде 100-ге жуық азаматтың 57 миллион теңге еңбекақысы төленді. Бірақ, мекеменің қарызы әлі де бар. Бұл бағытта біз қолдануға болатын тиісті іс-шараларды қарастырып жатырмыз дейді Нұрболат Қатуов.

Нұрболат Қатуов – Солтүстік Қазақстан көлік прокуроры:

 

– Қанша жылдан бері осы мәселе көтеріліп келе жатыр. Уақытылы біздің және әуежай басшылығы тарапынан іс-шаралар жүргізілгендіктен түйін шешілуде. Өзімізге белгілі, қазір әуежайда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Көлік прокуратурасының мәліметінше өткен жылы әлеуметтік-экономикалық салада барлығы 263 заңбұзушылық тіркелген. Нәтижесінде 102 тұлға жауапкершілікке тартылып, 453 адамның конституциялық құқығы қорғалған.

Култанов Байболат