Спорт

“PetroLeague” аула футбол құрамалары арасындағы турнирдің іріктеу сындары жалғасуда

Миллуолдықтар “ә” дегеннен-ақ шабуылға көшті. Тіпті, бесінші минутта есеп те ашып үлгерді. Осыншалықты тез гол жіберіп алған “Шальке” командасының ойыншылары тактикалық шабуылдарға ден қойғанымен, ойлағандарын іске асыра алар емес. Кей кезде футболшылар қақпадан мүлт кетіп жатса, кейде “Миллуолдың” кипері үздік өнер көрсетеді. Дегенмен де сары жейдедегі ойыншылар көздегендеріне жетті. 1-ші таймның соңына қарай ақыры гол соғып, есепті теңестірді.

Азамат Саруарбеков – «Миллуол» командасының капитаны, Петропавл қаласы:

– Бірінші тайм өте ауыр болды. Алғашқы болып есеп ашқанымызбен қарсылас бірден шабуылға аттанды. Олардың қарқынына төтеп беру қиынға соқты. Өздеріңіз көргендей, таймның соңына қарай гол жіберіп алдық. Ол, әрине шаршағандықтан. Енді келесі 20 минуттықта жаңа деммен барынша шабуылдап жеңіске жетуге тырысамыз.

Бүгінгі ойынды тамашалауға келген жұрт та көп емес. Көрермендердің арасында “Қызыл-Жар СК” ФК жартылай қорғаушысы Али Алиев та бар. Спортшы қыс мезгілінде осындай турнирдің өткізілуі орынды дейді.

Али Алиев – “Қызыл-Жар СК” ФК жартылай қорғаушысы:


–  Бұл – жақсы бастама. Футболға тек жазда ғана емес, қыс уақытында да көңіл бөлу, менің ойымша дұрыс. Осындай турнирларда нағыз таланттар анықталады. Аула командаларының ойын өрнегі кәсіби футболшылардан аспаса да кем түспейді. Жалпы бүгінгі ойынға көңілім толып отыр.

Екінші таймның басында бірінші болып гол жіберіп алған “Шальке” ойыншылары шабуылдарына қарқын қосты. Нәтижесінде “Миллуол” қақпасында допты үш мәрте тулатып, матч жеңімпазы атанды.

“PetroLeague” турнирындағы соңғы іріктеу матчі қаңтардың 30-ы күні өтеді. Онда жолдаманы “Намыс” пен “Мамлютка” командалары сарапқа салмақ

Риат Шони