Спорт

Петропавлдық “Құлагер” ХК өз мұз айдынында астаналық “Номадты” қабылдады

Осыны ұғынған құлагерліктер кездесудің алғашқы минуттарынан шабуылға көшті. Өз кезегінде белсенділік танытқан Антон Дубинин Максим Волковтан қабылдаған шайбаны керегіне жаратып есеп ашты.

Бірінші жиырма минуттықта көк жейдедегі хоккейшілердің шабуылы толастамады. Кездесудің 13-інші минутында тағы да сол Антон Дубинин шайба салып, таблодағы есепті екі де нөлге жеткізді. Бұған қонақтар алғашқы периодта бір голмен жауап қатты.

– Біздің жігіттер жеңеді деп сенемін. Құлагер тек алға!

– Әзірше құлагерліктер жақсы ойнауда. Тағы бірнеше гол соқса жақсы болар еді.

Ал қалған екі кезеңде астаналықтардың мерейі үстем болды. Олар екінші периодта жас қақпашы Максим Грязновтан айлаларын асырып бір шайба салды. Үшінші жиырма минуттықта да елордалықтар сауатты өнер көрсетіп жерлестеріміздің қақпасын екі рет дәл көздеді. Осымен алғашқы матч номадтықтардың пайдасына шешілді.

Келесі кездесуде алғашқы ойынның сценарийі айна-қатесіз қайталанды. Мұнда да құлагерлік Антон Дубинин 5-інші минутта бірінші болып есеп ашты.

Осыдан соң өткен кездесудегі қателікке бой алдырмас үшін Вячаслав Беланның шәкірттері шабуылда ширақ, қорғаныста сауатты қимылдарға көшті. Ұтымды сәттердің бірінде Иван Ивановтың соққысынан ұшқан шайба қарсылас қақпаға дарығандай болған. Алайда, төрешілер видеоқайталаудың нәтижесінде голды есепке алмады. Дегенмен, келесі периодта намысқа тырысып баққан құлагерліктер есепті арттырды. Бұл жерде Анатолий Васильев мергендік танытып, шайба авторы атанды. Үшінші кезеңде ойын тең жағдайда өрбіді. Қос команданың ойыншылары шабуылдарына қанша қарқын қосқанымен 51-інші минутқа дейін гол соғылмады. Дәл осы уақытта теріскейлік жігіттердің жолдары болып есепті үш те нөлге жеткізді. Бұған қонақтар екі шайбамен жауап қатты. Алайда, соңғы сәтте Игорь Валеев қарсыластың бос қақпасын дәл көздеп кездесудің нүктесін қойды.

Осымен есеп төрт те екі.

Ильгиз Нуриев- “Құлагер” ХК капитаны:


–  Қарсылас командадағы жігіттердің көбісі – жастар. Сондықтан, олар тек жеңіс үшін жанталасады. Бірінші кездесуде қателіктерге бой алдырып ұтылып қалдық. Алайда, біздің құрама тәжірибелі ойыншалардан жасақталғандықтан екінші ойынға ес жиып шықтық. Соның нәтжесінде айымыз оңынан туды. Матч өзіме ұнады. Жанкүйерлер де риза деп ойлаймын.


Ойыннан кейін журналистерге арналып баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Астаналық “Номадтың” бас бапкері Юрий Михайлис кездесу нәтижесін таразылап, теріскейлік хоккейшілерінің шеберлігіне жоғары баға берді.

Юрий Михайлис – “Номад” ХК бас бапкері, Астана қаласы:

– Алғашқы кездесуде өте шапшаң қимылдап өнер көрсеттік. Ойынның келесі бөлігінде қарсыластарымыздың асығы алшысынан түсті. Олар мұз айдынында емін-еркін қимылдап, біздің көсіліп шабуылдауымызға мүмкіндік бермеді. Осыдан-ақ құлагерліктердің шеберлектерін мойындау керек.

Бұл ойынның қорытындысы бойынша “Құлагер” ХК 75 ұпаймен турнирлік кестеде төртінші орынға көтерілді. Енді жерлестеріміздің келесі ойыны қаңтардың 28-29-ыр күндері Атырау қаласында жергілікті “Бейбарыс” құрамасымен өтеді.

 

Култанов Байболат