Спорт

Петропавлда керлинг спортына бет бұрушылар саны артып келеді

 

Керлингтің Қазақстанда 10 жыл бұрын құрылған республикалық федерациясы бар, бертін келе Алматы, Астана және Петропавл қалаларында ұйымның жергілікті филиалдары ашылды. Қыр-сыры көп керлингті топтасып ойнайды.

Денис Зернов – керлингтен облыстық федерацияның төрағасы:


– Керлинг спорты – 10 кезеңнен тұратын командалық ойын. Әр құрамада 4 ойыншыдан болуы тиіс. Ойын ережесі бойынша екі құрама мүшелері 8 рет тасты мұз үстінде белгілі бір жылдамдықпен сырғаната отырып ұзындыққа жібереді. Осы кезде қарсылас жақтың тастарын шеңбер ішінен ығыстырса не болмаса тас шеңбер ортасына жақын тұрақтаса онда сол командаға ұпай бұйырады. Барлық кезеңнен соң қос команданың ұпайлары есептеліп, жеңімпаз анықталады.

19 жастағы Дмитрий Гарагуль – осы спортқа мықтап ден қойғандардың бірі. Ол керлингті кез келген адам ойнай алады, бастысы – тасты жолақ бойымен сырғанату кезінде асқан дәлдік керек, – дейді.

Дмитрий Гарагуль:


– Керлингті жастың да, кәрінің де ойнауға мүмкіндігі бар. Әр қатысушыда арнайы қылшақ болуы тиіс. Бұл ойын тасы жылжып келе жатқанда алдын жылтыратып тазалау үшін қажет. Ал оны нысанаға бағыттайтын адам аяқ киімінің астына тефлондық слайдер тағып, мұз айдынында жарақаттанбас үшін тізеге қорғауыш кигені кигені дұрыс.

Әзірше, керлингшілердің жаттығып-шынығатын арнайы жерлері жоқ. Осы жылы спортшыларға “Основание” серіктестігі қолғабыс жасап, жабық ғимаратты уақытша пайдалана тұруға беріпті.
Қазір керлингпен айналысатындардың саны да көп емес, шамамен облыс бойынша 100 адамға жуық. Алдағы уақытта керлинг федерациясы ойынның ауқымын кеңейту мақсатында БАҚ өкілдері мен мектеп оқушылары арасында қалалық чемпионат өткізуді жоспарлап отыр.

 

Бакыт Садуакасов