МТРА жаңалықтары

Шетелдік инвесторлар Петропавлдағы бірқатар кәсіпорындарды аралады

Виктор Трасковский – “Сұлтан ЭДМК” АҚ диірмен-макарон кешенінің директоры:

– Біздің макарон фабрикасында 4 желі үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қондырғылар швейцариялық “Buhler” фирмасыныкі. Кешеннің қуаттылығы жоғары. Сағатына 8 тонна макарон өнімін шығара аламыз. Тауардың барлығын ТМД елдеріне саудалаймыз.

Ал бұл – “Мұнаймаш” АҚ-ы. Ат басын бұрған инвесторларды мұнай кәсіпшілігіне қажетті ұңғымалық қарнақ сорғысы мен оған арналған қосымша қорғаныс қондырғыларын жасайтын ірі зауыттың қауқарымен таныстыруда. Кәсіпорын өткен жылы 2,5 млрд теңгенің өнімін саудалаған.

Дәурен Әбілмажинов – “Мұнаймаш” АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
–  Өткен жылы жаңа бұйым – темір жолға арналған тербелісті тежейтін бөлшекті шығара бастадық. Бүгінде біз “Өзен Мұнай Газ”, “Ембі Мұнай Газ” сынды компаниялармен әріптестік орнаттық. Былтыр Ресейге 45 млн теңгенің тауарын саудаладық.

Италия елінің іскер азаматы Армандо Рисалити осымен теріскей жеріне екінші мәрте келіп отыр. Айтуынша, біздің өңірдің шұрайлы өлкесі қызықтырады. Бүгінде шетелдік мейман 3 мың гектарға жуық жер сатып алып, егін шаруашылығымен айналыспақ ниетте.

Армандо Рисалити – «Confimiimpreza Firenze» кәсіпкерлер Ассоциациясының директоры, Италия:

– Бұл Қазақстан үшін қызықты өндіріс болмақ. Біз рапс өсіреміз. Ол жанған кезде электр энергиясы пайда болады. Рапсты электр энергиясы стансаларына жанар-жағармай ретінде және азық-түлік өндірісінде де пайдаланамыз. Ол қалдықсыз іс болмақ.

Бүгін облысымызға келген делегация құрамында қытайлықтар көп. Айта кету қажет, жақында аспан асты елінде қос мемлекет арасында 52 жобаны бірігіп іске асыру жөнінде келіссөздер жүргізілмек. Оның үшеуі біздің өңірде жүзеге асырылады деп жоспарланған.

Рақым Ошақбаев – ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:


– Мұнайдың кезеңі өтіп бара жатыр. Қара алтыннан кейін екінші кезекте менің ойымша ауыл шаруашылығы тұр. Бұл салада сіздердің өлкелеріңіз өте бай. Бұған бірқатар кәсіпорындардың ұзақ мерзімді қаржыландырылуы дәлел. Сонымен қатар, бүгін инвесторлар теріскейге қаржы құюдың тиімділігіне көз жеткізді.

Кәсіпорынмен жіті танысып шыққаннан кейін шетелдіктер “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің сүт зауытында болды.

 

 

Риат Шони