МТРА жаңалықтары

Шетелдік инвесторлар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда

Жаңалықты брифингте журналистерге облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев хабарлады.

Мұхтар Манкеев – СҚО әкімінің орынбасары:


– Шаһар басшысы қытайлық инвесторлармен бірігіп өте қызықты жобалардың бірін қолға алды. Бұл инвесторлар өңірде үлкен көлік-логистикалық орталығының құрылысын бастамақшы. Жобаға 123 гектар жер бөлініп отыр. Жұмысқа кіріспес бұрын шетелдіктер біздің аймақты біраз зерттеп алды. Бұйыртса, аталмыш жоба жылдың ортасында бастау алмақ.

Биыл өңірімізге финдық кәсіпкерлер де инвестиция құюға қызығушылық танытып отыр. Бұл елдің азаматтары ағымдағы жылы біздің өңірде үш бірдей жобаны іске асырмақ екен. Мұндай шешімді олар өткен жылдың қазан айында облысымызға жасаған іс сапары кезінде қабылдапты.

Калвер Каппер – «General Finland coop» компаниясының бизнесті дамыту бойынша директоры, Финляндия:

– Сіздердің өңірлеріңізбен біз нақты 3 жобаны бастамақпыз. Келесі аптадан біздің мамандар жұмысқа кіріседі. Негізі Финляндияда агро, балық және ағашты қайта өңдеу саласы жақсы дамыған. Сіздерде де қарқын алатынына сенімдімін.

Сондай-ақ, брифингке Австралиядан арнайы шақырылған Элисон Морли ханым да қатысты. Бұл елдің азаматтары біздің өңірмен әлі әріптестік қатынас орнатпаған. Әзірге, геологиялық зерттеу жүргізіп жатыр екен.

Элисон Морли – «IIuka exploration Kazakhstan» ЖШС бас директоры, Австралия:


– Дәл қазір біз Қостанай, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарында геологиялық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Егер де бізге қызықты әрі перспективалық кен орнын табатын болсақ, онда сіздің өңірде міндетті түрде үлкен қайта өңдеу зауытын саламыз.

Осылайша 2016 жылы өңірге инвесторларды тарту жұмыстарын жоғары деңгейде жүргiзу көзделіп отыр. Жоспар айқын ендi тек оны іске асыруға білек сыбана кірісу қажет.

Айгерим Ержанова