Ауыл шаруашылығы

Петропавлдық омарташы бал араларын қыста үйінде ұстайды

Бала кезден омарташылықтың жай-күйін біліп өскен кәсіпкер жәндіктерді қыста үйінің төменгі қабатында ұстайды. Бұл жерде оның араларына теріскейдің ақ түтек бораны мен сарышұнақ аязы да әсер етпейді.

Ринат Сагутдинов – омарташы:

– Бұл жерде аралар қыста өздерін жақсы сезінулері үшін бар жағдай жасалған. Мұнда температура 0 мен плюс 4-тің аралығында. Ауа райы суытқанда есік-терезені қымтап, бөлме ішін жылытуға тырысамын. Ал күн жылынғанда жәшіктердің бетін ашып тастауға тура келеді. Өйткені, жәндіктер ылғалға шыдамсыз келеді.

Омарташы аралардың карпатка, карника түрлерін асырайды. Өйткені, бұл жәндіктер суыққа төзімді. Соның өзінде де іскер азамат күздің соңында аралардың әр жәшігіне 15-18 келіден бал салады. Бұл азық олардың қыста тоңбай, ұзақ мерзімге қоректенулеріне жетеді.

Ринат Сагутдинов – омарташы:


– Жаз айларында бал араларын шөбі мен гүлі көп өскен алқаптарға ұшырса, олар солтүстіктің сұрапыл қысын еш қиындықсыз өткереді. Яғни, бірі де өлмей, аман қыстап шығады. Сол кезде оларды оңтүстікке апарып, қыстатып шығудың да қажеті шамалы болады.

Жалпы, мұнда 50-ден аса бал араларының отбасысы бар. Олардан былтыр жерлесіміз 6 тоннадан артық өнім алып, тең жартысын тұрақты тұтынушылрына өткізген. 1 келі балдың құны 1000 теңге тұрады. Осы күні омарташы Ринат Сагутдиновтың кәсібіне үлкен ұлы қолғабыс етіп, әке жолын жалғап жүр. Айта кеткен жөн, қазір солтүстікқазақстанда 200-ден аса омарташы бар.

Култанов Байболат