Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізде алғаш рет СҚО-сы инвесторлары кеңесінің отырысы өтті

Жиында облыс әкімі Ерік Сұлтанов теріскейдің инвестициялық тартымдылығын тілге тиек етіп, былтыр аймақ экономикасына 154 жарым млрд тенге инвестиция құйылғанын айтты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазақстан бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 140 елдің арасынан 42-ші орынға көтеріліп, өткен жылғы шебінен 8 сатыға ілгеріледі. Мемлекет бүгінде кәсіпкерлерге бизнестерін дамытып, аяққа нық тұруларына барлық жағдайды жасауда. Бүгінгідей сын сағаттарда іскер азаматтарға үлкен жауапкершілік артылуда. СҚО-сы 70-тен аса елмен әріптестік орнатқан. Алдағы уақытта елімізде қолға алған жобалар сәтті жүзеге асатынына сенімім мол.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев меймандарды кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытуға бағытталған шаралардан құлағдар етті.

Мұхтар Манкеев – облыс әкімінің орынбасары:

– СҚО-сында аграрлық, өндірістік секторға, туризм саласына инвестиция құю тиімді болмақ. Аймағымыз Қазақстанның солтүстік қақпасы болып саналады. Келешекте біздің өңір арқылы 20 млн халқы бар нарыққа шығуға болады. Солтүстік өңірі Қазастан мен Ресейді жалғайтын ірі сауда-логистикалық орталыққа айнала алады. Біздегі минералды шикізат қоры, табиғи ресурстар, индустриалдық әлеуетіміз зор және өңіріміздің географиялық орналасуы инвестиция салуға тиімді.

Біздегі құнарлы жер, қолайлы климат – өсімдік шаруашылығымен айналысатындар үшін үлкен мүмкіндік. Мұхтар Манкеевтің айтуынша,
облысымызда шамамен 700 мың Га жер игерусіз жатыр. Ол аумақтар алдағы уақытта инвесторларға үлестіріліп берілмек. Қазірдің өзінде Италия азаматтары екі мың гектар жерге рапс өсіру үшін рұқсат алған. Сәтін салып, істері ілгерілесе, меймандар келешекте майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салуы мүмкін. Сондай-ақ, бүгінде мал шаруашылығын дамыту үшін де іскер азаматардың қолдауы қажет.

Мұхтар Манкеев – облыс әкімінің орынбасары:

– Қазақстанда жұмыс жасайтын инвесторлардың “Сыбаға”, “Алтын асық”, Ырыс” бағдарламаларына отандық кәсіпкерлермен тең қатысуға құқылы. Олар да жерлестеріміз сияқты жобалар аясында арзандатылған несиеге қол жеткізе алады. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал басына субсидия төленеді. Оған қоса мемлекеттік қолдау шаралары арқасында өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, еңбек өнімділігін арттыру мүмкіндігі бар. Елімізде сиыр, шошқа, жылқы, қой, құс етін шығаратын кәсіпорындарға субсидия қарастырылған.

Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыру бойынша Елбасы тапсырмасына сай өңірде 2020 жылға дейін құрылған жоспар жүзеге асырылуда. Оның аясында 60 жоба іске асырылмақшы. Әсіресе, дәнді және майлы дақылдарды өңдейтін зауыттар құрылысы сынды бірнеше ірі жобалар қолға алынбақ. Бұл мақсатқа құйылатын инвестиция көлемі шамамен 138,5 млрд теңгеден асып отыр. Мысалы, Ғ.Мүсірепов ауданында қытайлықтар “Жаннұр-Астана” ЖШС-гінің басшылығымен бірлесіп бидай өнімдерін терең өңдейтін зауыт тұрғызады. Онда дақылдан желімтік, крахмал және спирт шығармақшы. Жобаның құны 250 млн АҚШ долларын құрайды.

СҚО-сы минералды-шикізатқа бай. Өңірімізде сирек кездесетін түрлі-түсті металдар қоры жеткілікті. Осы бағытқа да қаржы тарту маңызды. Бүгінде облыс аумағында 286 кен орны бар болса, соның 227-сінде алтын, қалайы, темір, көмір сынды пайдалы қазбалар әлі күнге дейін игерусіз жатыр. Бүгінде бұл жұмысты “Самрұқ-Қазына Инвест” ЖШС-гі мен “Сырымбет” АҚ бірлесіп қолға алмақшы. Осылайша, 2018 жылы Айыртау ауданындағы “Сырымбет” тау-кен байыту кешені іске қосылады.

Қайрат Найзабеков- “Самрұқ-Қазына Инвест” ЖШС бас директоры:

– Әлемде ең көп қалайының қоры СҚО аумағында игерілмеген екен. Мұны ғалымдар дәлелдеді. Бүгінде Айыртау ауданындағы “Сырымбет” тау-кен байыту кешенінде 90 млн. тоннадан астам кен, 480 мың тонна қалайының қоры бар. Комбинаттың құрылысы 2017 жылы басталады. Жобаның құны 280 млн АҚШ долларын құрайды. Комбинат іске қосылысымен 600 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Былтыр елімізде инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған бірқатар заң жобалары қабылданды. Мысалы, ел экономикасына қаржы құйғандар 25 жылға корпоративтік кіріс салығынан, 8 жылға мүлік салығынан босатылады.
Бұдан басқа ұлттық компаниялар мен құзырлы мекеме кызметкерлері инвесторларға заң, салық жөнінде тегін кеңестер беріп, жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс.

Ауқымды отырыс барысында Ауыл шаруашлығы, Инвестициялар және даму министрліктері мен халықаралық, мемлекеттік қаржы ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі. Кейін шетелдік меймандарға қос тараптың құқықтары мен міндеттері көрсетілген инвестициялық декларациялар таратылды. Артынша облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер инвесторлармен меморандум жасасты. Осы күні барлығы 6 құжатқа қол қойылды.

Берик Касен