Қоғам

Биыл Петропавлда 500-ден астам тұрғын үйге жылу есептегіш құралдары орнатылмақ

Солардың бірі – Жәлел Қизатов, бұрынғы Юбилейная көшесі 3Н мекен жайындағы баспана.
Кооператив төрағасы Күшқайрат Құсайыновтың айтуынша құрылғы тұрғындарға жылуды біраз үнемдеуге септігін тигізуде.

Күшқайрат Құсайынов – «Таң-Нұры Петропавл» ПИК төрағасы:


–  Менің қарамағымда 4 үй бар. Соның 3-нде жылу есептегіш құралдары орнатылған. Сол себепті, жылу үнемдеу пайызы өте жоғары. Жәлел Қизатов көшесі 3Л-де үнемдеу 52%-ға жетеді. Ал 3Н мен М-де үнемдеу 43-44%-ды құрайды.

Бұндай бір құрылғының бағасы шамамен 700-800 мың теңге тұрады.
Есептеуіштер республика бюджетінен бөлінген қаражат есебінен орнатылуда. Ал оның құнын үй иелері өзара бөлісіп алып, 4 жыл ішінде қайтарулары тиіс. Яғни, бір пәтерден ай сайын 200 теңгенің маңайында ақша шығады екен.

Жәнібек Әлкин – Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлiмiнің бас маманы:

 

– Жылу есептегіш құралдарының тиімділігін өткен жылдан байқауға болады. Орташа тарифпен 87 теңге болған кезде есептегіштері бар тұрғындар 1 шаршы метрге 63 теңгенің маңайында төлеген. 2015 жылдан «СевКазЭнергоСбыт» ЖШС бөліп төлеу бағдарламасы арқылы құрылғыларды орнатып жатыр.

Былтыр облыс орталығында жылу есептегіш аппараттары 9 үйге қойылыпты. Ал биыл, жыл соңына дейін 500-ден астам үйге орнату жоспарланған.

Айгерим Ержанова