Өнеркәсіп

“Зенченко и К” КС сүт зауыты өткен жылы 12 мың тоннаға жуық өнім шығарған

Светлана Кукс – “Зенченко и К” КС сүт зауытының жұмысшысы:

-Жұмысым өзіме ұнайды. Айтарлықтай қиындығы жоқ. Бар болғаны өнімді дұрыс қаптау. Тапсырыстар да көптеп түседі. Зауыттағы ұжым да жақсы, ұйымшыл.

Кәсіпорында шығарылатын өнім табиғи таза, ешқандай қосынды араластырылмайды. Күніне мұндағылар 46 тонна сүтті өңдейді. Барлық үрдіс автоматтандырылған. Бірақ, соның өзінде барлық санитарлық талаптардың сақталынуы қатаң бақыланады.

Риат Шони:

-Өнім қондырғыдан алынып, жәшіктерге салынып болды. Бірақ, дүкен сөрелеріне қоюға әлі ерте. Өйткені, өнім толығымен жетіліп піскен жоқ. Ол үшін барлық айранды арнайы қоймаға апарады. Онда өнім 12-14 сағат сақталынады.

“Зенченко и К” командиттік серіктестігінің сүт зауыты өткен жылы 11 мың 884 тонна өнім өндірген. Бүгінде осы белгімен шығатын сүт, ірімшік, айран, қаймақ сынды тауарлар Петропавл қаласы бойынша 70-тен астам нүктелерде сатылады. Сонымен қатар, кәсіпорын теріскейліктерді ғана емес елорда тұрғындарын да өз өнімдерімен қамтып отыр.

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры:

-Біз өнімнің 34 түрін шығарамыз. Күніне елордаға 24-25 тонна тауар жөнелтеміз. Бұл көрсеткіш жексенбі күні 40-қа дейін артады. Сұраныс өте жоғары. Кәсіпорынға шикізат күн сайын Қызылжар ауданындағы Новоникольск селолық округіндағы мал шаруашылығы базасынан әкелінеді. Алдағы уақытта зауытты кеңейту ойда бар. Сәйкесінше, өндіріс көлемі де артпақ.

Бүгінде Петропавлда “Зенченко и К” командиттік серіктестігінен бөлек тағы екі сүт өңдейтін кәсіпорын бар. Ал облыс бойынша олардың саны – 13.

 

 

Риат Шони