Мәдениет

Петропавлға ҚР Президентінің оркестрі келді

Жандос Мұхтаров, ҚР мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің халық музыка ансамблінің жетекші солисті:

-Бүгін орындайтын жаңа туындымды еліміздің елеулі мерекелеріне арнадым. Көптеген тарихи тұлғалар өмірге келген өлкеге келіп, өнерімді паш етуге келгеніме қуаныштымын.

Айта кетейік, мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестрі 1992 жылы 16 наурызда Елбасының жарлығымен құрылыпты. Бүгінде құрамында би тобы, халық музыка және камералық ансамбльдер мен жеке орындаушылар бар. Солистердің барлығы дерлік еліміздің әр өңірінен жиылған өнер майталмандары. Айту керек, камералық хорға солтүстікқазақстандық Әсет Әбдірахманов дирижерлік етеді.

Ал, мың бұралған арулар түрлі ұлттардың билерін ортаға салды. Әсіресе, қыздардың орындауындағы қытай биі жұршылықтың көңілінен шықты.

Талғат Бердіғұлов, ҚР мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің жетекшісі:

-Өте көп туындыларды ортаға саламыз. Ән мен би, камералық және халық музыка аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен шетел және ұлттық туындыларды орындаймыз.

Ал, Олжас Сүлейменовтың Президенттік оркестрге келгеніне небәрі 6 ай болыпты. Жас әртіс өзі жазған туындыларды орындады. «Алтын орда» күйін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнапты.

Жалпы концерттік бағдарлама 3 сағатқа созылды. Айту керек, өнер ұжымы өздерінің 16-маусымын Петропавл қаласында ашып отыр. Өңірімізге алғаш аяқ басқан мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестрін құттықтаған өңір жетекшісінің орынбасары Анархан Дүйсенова облыс әкімінің ықылас гүлін ұсынып, сыйлық табыс етті. Мәдени кешті тамашалаған жұршылық шараның көңілді өткенін айтуда.

Ұжым осы бағдарламамен еліміздің Атырау, Шымкент және Алматы қалаларында өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

 

 

Акбопе Танирберген