Балалар

Аязды күндері мектеп оқушылары сабақ оқымайды

Айгүл Оспанова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

-1-ші мен 4-ші сынып оқушылары -25, ал сынап бағанасы 27 градусқа төмендегенде 9-шы сынып оқушылары да мектепке бармауларына рұқсат етілген. Ал 10 мен 11-ші сыныптыкілер және 1-ші, 2-ші курс студенттері ауа температурасы минус 30-ға жеткенде сабақтан босатылады.

Мәселен, мынау – М.Айтхожин атындағы №1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектебі. 1-ші сыныпта қазақ тілі пәні жүріп жатыр. Далада сынап бағанасы минус 20 градусты көрсетіп тұр. Ал оқу кабинеті ішіндегі температура қалыпты. Егер күн минус 25 градусқа дейін суытқан жағдайда бала мектепке келетін болса онда ұстаздар оны үйіне қайтарып жібермей, толыққанды сабақ өткізуге міндетті екен.

Гүлзада Каменова – М.Айтхожин атындағы №1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

-Кейбір ата-аналар балаларын үйде жалғыз қалдырмау үшін мектепке әкеледі. Біз өз кезегімізде сабақ өткіземіз. Жалпы осы тоқсан басталғалы соңғы үш күнде аяз болғандықтан оқушылар мектепке келген жоқ.

Ал бастауыш сыныптың оқушылары күн суық болса да сабақты қалдырмауға тырысамыз дейді. Өйткені, бағдарламадан бір қалсаң, қайта түсіну қиын болады.

-Анам мен әкем ауа райын күнде ғаламтордан қарайды. Егер де аяз болса онда мен сабаққа бармаймын.

-Күн суық болса да мен мектепке келемін. Өйткені, маған сабақ оқыған ұнайды.

Жалпы солтүстіктің ауа райын алдын ала болжау қиын. Таңертең суық болса, түске таман күн күлімдеп, жылына түседі. Қазгидромет мамандарының айтуынша алдағы уақытта қатты аяздар күтілмейді.

Гүлзат Ғазизова – СҚО гидрометеорология орталығының ауа райын болжау бөлімінің басшысы:

-Қаңтардың 22-сі күні облыста ауа температурасы түнде – 18-23, күндіз 9-14 градус суық, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 9-14 метр болады. Ал қаңтардың 23-і мен 24-і күндері кей жерлерде тұман басып, батыстан және оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 9-14 метрге дейін жетеді. Сынап бағанасы күндіз минус 7-і мен 18 градус аралығында болады.

Риат Шони:

-Жалпы бүгінде өңірде 22 интернаттық мекеме мен 523 жалпы білім беретін мектеп бар. Айта кету қажет, егер де балаңыз көрші ауылда интернатта тұрып оқитын болса, демалыс күндері оқушыларды қандай да ауа райына қарамастан мекеме әкімшілігі оларға берілген арнайы көлікпен үйлеріне жеткізуге міндетті. Әрине жол болса!

 

 

Риат Шони