Денсаулық сақтау

Жыл басынан өңірде тұмау жұқтырудың 3 жағдайы тіркелген

Юрий Пузиков – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

-Біздің өңірде эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Тіпті, тұмаумен ауырғандардың саны да өткен жылмен салыстырғанда біршама қысқарды. Мәселен, былтыр тұмау вирусын жұқтырған солтүстікқазақстандықтардың саны 8 мыңнан асты. Оның тең жартысы – балалар. Негізі адамдар қаңтардың соңы мен ақпанның басында және наурыз айында тұмауға жиі шалдығады. Сол себепті, осы аралықта абай болу керек.

Биыл өткір респиратОрлық ауруларға шалдығу деңгейі былтырғыдан 27,3%-ға азайған. Жалпы мамандар тұмау сынды дерттің алдын алу үшін уақытылы әрекеттенген дұрыс деп кеңес беруде.

Юрий Пузиков – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

-Біріншіден, вирустық аурудың белгілері пайда бола бастаған уақытта бірден дәрігерлерге жүгіну қажет. Өз-өзін емдеумен айналыспаған жөн. Әйтпесе, бұл аурудың асқынуына әкеліп соқтырады.

Айту керек, өңірде 2015-2016 жылғы иммунизациялау науқанына жергілікті бюджеттен 45 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл сомаға 50 мың солтүстікқазақстандыққа тұмауға қарсы тегін вакцина қойылды. Ал тағы 3 мыңнан астам жерлесіміз өз қаражаты есебінен екпе жасатқан.


 

Айгерим Ержанова