Денсаулық сақтау

2015 жылы облыстық кардиологиялық орталық дәрігерлері 53 адамның кеудесіне жүрекширатқыш аппаратын орнатты

Дмитрий Тё – облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургі:

-Біз аппаратты кеуде тұсындағы бұлшықетке тігеміз. Одан кеткен түтікше электрод деп аталады. Егер жүректің қағысы нашарласа, ол қосымша ырғақ беріп, жүректің қағысын реттеп отырады. Операция жасаған кезде пациентке наркоз қоймаймыз. Сонда да науқас дене жарасын сезбейді. Осы сәтте жүрек жұмысын тоқтатпайды. Жасанды аппарат науқастың ағзасына қажетті мөлшерде оттегіні жеткізіп тұрады. Мұндай операцияларда көбінесе аз инвазивті эндоскопиялық әдіс қолданылады.

Дәл қазір мамандар әлгі жүрек ширатқыш аспапты 68 жастағы ер азаматтың кеуде тұсына орнатуда. Тимирязев ауылының тұрғыны жүректің ишемиялық ауруына шалдығыпты. Содан оның жүрек қағысы минутына 60 рет емес, 50 рет соғатын болған. Салдарынан оның басы айналып, жиі естен танады екен. Дәрігерлер осылай дейді.
Адамның өмірі мен денсаулығы бәрінен қымбат. Қазір операция залында бір емес жеті адам жүр. Олар хирург, дәрігер-анестезиолог, рентген-хирург, медбике, санитарлар. Тәжірибелі мамандар осынау маңызды сәтте науқастың жүрек қағысы, қан қысымын бақылауда ұстайды. Осыдан үш жыл бұрын солтүстікқазақстандықтар мұндай операциялар жасату үшін Астана қаласы мен Ресейге жол жүретін. Бірақ, бүгінде жағдай мүлдем басқаша. Қазір жүрек ширатқыш құрылғысына мұқтаж қазақстандықтар аспапты мемлекет қаражаты есебінен тегін орната алады. Былтыр 53 адамның ағзасына жүрекширатқыш аппараты қойылды. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда үш есе артық.

Асхат Молжігітов – облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:

-Былтыр өңірде жүрегінің ырғағы бұзылған 53 науқасқа осындай электрокардиостимулятор қойылды. Күрделі ота шамамен 2-3 сағатқа созылады. Пациенттер үш күн арнайы палатада жатады. Ем алушы үнемі біздің бақылауымызда болады. Отадан кейін адам қалыпты өмір сүре береді. Кеудесіне
кардиостимулятор орнатқан жандар жұмыста, отбасында қатты күйзеліске салынбауы тиіс.

Ал биыл 4 адамға осындай ота жасалыпты. Ақ халатты абзал жандардың сөзінше, бүгінде ақылы негізде ота жасауға шетелдіктерден де өтініштер түсіп жатқан көрінеді.

 

Берік Қасен