Ауыл шаруашылығы

Зеңгі баба төлін өсіруді мықтап қолға алған шаруашылық

Жанатбек Жұмабаев – «Санта-Мария» ЖШС бригадирі, Аққайың ауданы:

-Сенаж, шөп, жем береміз. Бізде 3 баз бар. Сонда 3 адамнан кезекпен істейді.

Кәсіпорында заманауи талаптарға сай жарақталған сауын залы бар. Мұнда сиырлар байлауда емес, емін-еркін жүреді. Қазір фермада қауырт маусым басталған. Біртіндеп мал төлдеп жатыр. Жыл басынан зеңгі баба төлінің саны 20-ға артқан.

Мағжан Ахмадина – тілші:

-Мұнда негізінен 1 айдан асқан бұзаулар тұрады. Оларды мамандар күніне 2 рет арнайы витаминдер қосылған азықпен тамақтандырады. Ол төлдің жақсы өсуі үшін қажет.

Бұл жерде бұзаулар 3 ай тұрады. Сол аралықта олар 100 келіден астам салмақ қосуы тиіс. Кейін олар басқа орынға ауыстырылады.
Мынау – жас маман Владимир Шульцтің жұмыс орны. Былтыр оқу орнын бітірген ол мұнда бір жылға жуық уақыт еңбек етуде. Серіктестіктің мал дәрігері ауылды жерде жұмыс істегің келсе, екі қолға бір күрек табылады дейді. Оның үстіне кәсіпорында қызметкерлерге барлық жағдайлар жасалған.

Владимир Шульц -«Санта-Мария» ЖШС бас мал дәрігері, Аққайың ауданы:

-Қондырғылар жаңа, соның арқасында жұмыс істеу де қиын емес. Айталық менің компьютеріме украиналық арнайы бағдарлама орнатылған. Онда әр мал туралы ақпарат бар. Яғни, арнайы нөмірді енгізсең болды, осындағы сиыр, бұзау, тайыншалар жайлы толық мәліметті алуға болады. Оның салмағы қанша, егілген бе жоқ па, туылған жылы, айы, күні барлығы көрсетілген.

Павел Леонов басқаратын бұл серіктестікке биыл 17 жыл толды. Ауыл шаруашылығында 40 жылдан астам уақыт еңбек ететін білікті маман саланы дамыту мемлекет қолдауынсыз мүмкін болмас еді дейді.

Павел Леонов – «Санта-Мария» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

-Шыны керек, мал шаруашылығын мемлекет қолдауынсыз елестету мүмкін емес. Олай дейтінім, айталық бүгіндері біздің шаруашылық күніне Ақмола облысына 4 мың тонна сүт жөнелтеді. Күнде таңертең зауыттан машина келіп өнімнің литріне 90 теңге төлеп, алып кетеді. Оның үстіне мемлекет сүттің әр литріне 25 теңге субсидия төлейді. Мұның өзі шаруаларға қаншама көмек. Оған тағы түрлі бағдарламаларды қосыңыз. Сондықтан, осы салада өз ісін дамытамын дегендерге мемлекетіміз зор қолдау көрсетеді.

Шаруашылықтағы сиырлар негізінен сүтті бағытта болғандықтан, ақтың сапасы жақсы. Сол себепті, одан балалар тағамдары жасалады екен. Келешекте мұндағылар өздері де сүт өңдейтін кәсіпорын құруды жоспарлап отыр.
«Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» деген қағиданы ұстанған серіктестік басшылығы мал азығын да молынан даярлайды екен.

Павел Леонов – «Санта-Мария» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

-Жылда біз 2 жылға жетерлік азық дайындаймыз. Ол қысты еш уайымсыз өткізу үшін маңызды. Әрі өзіміздің азықтық қорымыз болады. Техникамыз жеткілікті. Бізде 120 адам еңбек етеді. Егіс және орақ науқанында олардың саны 200-ге жетеді. Қызметкерлердің дені – жақын маңдағы Трудовое елді мекенінің тұрғындары.

Павел Леонов мал шаруашылығымен бірге егін егуді де қатар дамытуда. Биылтыр олар 3 мың га жерге бидай егіпті. Алдағы егіс науқанында майлы дақылдарды да себуді жоспарлауда.

 

 

Магжан Ахмадина