Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде СҚО әкімі Ерік Сұлтанов брифинг өткізді

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыру бойынша Президенттің тапсырмасына сай өңірде 2020 жылға дейін құрылған жоспар жүзеге асуда. Оның аясында 60 жоба іске асады деп көзделген. Әсіресе, майлы дақылдарды, өсімдік майын және бидай өңдейтін мекеме құрылысы сынды бірнеше ірі жобалар қолға алынбақ. Бұл мақсатқа құйылатын инвестиция көлемі 138 млрд теңгеден асып отыр. Ерік Сұлтанов облыстағы басты салалардың бірі – агроөнеркәсіп кешенінің дамуына да тоқталды.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Агроөнеркәсіп кешені облыста ең басты сала болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстарға келер болсақ, жыл сайын республика үшін өңір жоғарғы сапалы бидайдың 3-тен бір бөлігін береді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 311 млрд теңгені құрады, өсім – 7,5 пайыз. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ республикада 3-ші орынға ие.

Ерік Сұлтанов индустриалды-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдықтағы жетістіктеріне де тоқталып өтті. Осы уақытта 32 жоба іске асырылып, 1400 жаңа жұмыс орны пайда болды. Екінші бесжылдықта жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын 60 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жиында өңір жетекшісі әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысын барысын да баяндады.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-2015 жылы 5 тұрғын үй және жастар үшін 2 жатақхана, жалпы саны 480 пәтер тапсырылды. Биыл 11 үй тапсыруды жоспарлап отырмыз. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 13 жоба іске асырылуда. Ұлттық қордан 3,6 млрд теңге бөлінді. 320 орындық балабақша салынуда. 2015 жылы жоспарланған қаражат толығымен игерілді.

Брифинг барысында Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында толық ақпар берілді. Баяндамадан соң, журналистер қауымы Ерік Сұлтановқа өз сұрақтарын жаудырды. БАҚ өкілдерін елді мекендердің дамуы, кәсіпкерлік саласы және дағдарысқа қарсы шаралар қызықтырды.

Айымгүл Әбілева – «Bnews.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі:

-Бүгінгі күні әлемде, елімізде қалыптасып отырған жағдайды көріп отырмыз. Мұнай бағасы құлдырып, доллар бағамы шарықтап отыр. Алдағы уақытта жағдайдың қандай болатындығын ешкім айта алмайды. Осы ретте облыс қиындықтарға дайын ба? Дағдарысқа қарсы шараларыңыз бар ма?

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Дағдарысқа қарсы шараларымыз бар. Ол Елбасының жобаларын жүзеге асыруға бағытталған. Жұмыс орындарын сақтап қаламыз. Ауыл шаруашылығы мұнай бағасы құлдыраса да, дами береді. Сонымен қатар инвестиция тарту жалғасады. Индустриалдық-инновациялы бюағдарлама жалғасады.

Кейін жиында «Ауыл» экспедициясының құрамында былтыр теріскейде болған «Қазақстан-Zaman» газетінің тілшісі сөз алды.

Нағашыбай Қабылбек – «Қазақстан-Zaman» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі:

-Оңтүстік Қазақстаннан адамдарды көшіру туралы.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-ОҚО әкімінің келісімімен 100 отбасыны көшіретін болғанбыз. Дайындық жұмыстары жүргізілді. 18 отбасы көшіп келді. Оларға 21 жұмыс орны табылып, баспанамен қамтылды.

Жалпы, брифинг барысында облыс әкімі Ерік Сұлтановқа БАҚ өкілдері 30 шақты сұрақ жолдады.

 

 

Магжан Ахмадина