Қоғам

Қаңтардың 19-ы – православие христиандарының “Крещение Господне” мерекесі

Протоиерей Сергий, әулие Петр мен Павел апостолдар соборының жетекшісі:

-Ерекше қасиетке бөленген барлық су көздері иордан деп аталады. Себебі, Иисус Христос ең алғаш Иордан өзеніне түсіп шоқынды. Сондықтан, қасиетті суға сүңгіп, жанын тазартамын дегендер зиянды заттардан, арам ойлардан арылып келуі керек.

Бүгін Петропавлда таңертең сынап бағасы -28 градусты көрсетіп тұрды. Қыстың қаһарлы аязына қарамастан жиылғандардың қарасы көп. Олардың дені Есіл өзенінің бойында ойылған құдыққа сүңгіп шығуға асық. Бүгінде қыстыгүні өзен суына түскен адамның бойына жыл он екі ай ауру-сырқау дарымайды деген наным бар. Сондықтан, Денис Костиковтың бүгінгідей орайлы мүмкіндікті құр жібергісі жоқ. Азамат 8 жылдан бері қаңтардың 19-ында суға түсуді әдетке айналдырған.

Денис Костиков:

-Бүгін қуаныш, бақыт, мерекелік көңіл күйге бөлендім. Жыл бойына ауырмаймын. 2 мың жылдық тарихы бар осы діни мейрамда дұғамен аласталған суға түскен өте пайдалы деген сенім қалыптасқан.

Мұздың қалыңдығы 40-45 сантиметр. Оның морт сынып кетуі ғажап емес. Сондықтан, келген жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сақтық шаралары да ұмыт қалмады. Құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен медицина мамандары Есіл бойында күшейтілген режимде қызмет етті.

Сергей Черкасов, СҚО ТЖД құтқару бөлімшесінің бастығы:

-Қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстанған жөн. Мұзға табаны тайғанақ емес аяқ киіммен шығу қажет. Ыдысқа су толтыру кезінде де бір-бірін итермеу керек. Мен өзім 15 жылдан бері Крещение мейрамында кезекшілік атқарып келемін. Бұл уақыт ішінде келеңсіз жағдайлар тіркелген емес. Бүгін де таңертеңгі 7-ден кешкі 10-ға дейін кезекшілік етеміз.

“Крещение” мейрамы үшін Есіл өзенінің қалалық жағажайынан 4 ойық дайындалған. Ал өзен порты аумағында 2 ойық әзірленіпті. Екі орынға да жылжымалы асхана апарылған. Арнайы шатырлар құрылып, суға түсушілер үшін барлық жағдайлар жасалыпты.

Ақбөпе Тәңірберген:

-Негізінен бұл күні православие сеніміндегі жандар жаппай аластатылған өзен суына түседі. Аңызға сүйенсек, мұздай суға шомылған адам өмірге қайта келгендей күй кешіп, дертінен айығады екен. Сондықтан, пайдасы көп, зияны жоқ суға мен де түсіп шыққанды жөн санадым.

Мұздай суға түскен адам сырқаттанбайды дегенді естіп мүмкіндікті құр жібермеуге тырыстым. Қобалжуымды жеңіп, өзен үстіндегі арнайы ойыққа түскен менің бойымды бірден сергектік билеп алды. Журналист ретінде ел аузындағы әңгімені осылайша сынап көргім келді. Нәтижесін уақыт көрсетер.


 

Акбопе Танирберген