Денсаулық сақтау

Петропавлда мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істеуде

Мереке Сыздықов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ СҚО бойынша аймақтық филиалының директоры:

-Аймақтар рейтингісінде “Даму” қоры арқылы несие рәсімдеу бойынша СҚО 7-ші орында тұр. Өңірде осы уақытқа дейін барлығы 455 жоба субсидияланған. Оның жалпы құны 46 млрд теңгеден астам қаражатты құрап отыр. Ал, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 145 жоба мақұлданып, оның жалпы құны 6,8 млрд теңгені құрады. Қазір өз ісін дөңгелетіп жатқан жергілікті кәсіпкерлер көбейіп келеді.

Артем Оверко жүріп-тұруы күрт қиындаған соң «Панацея» отбасылық денсаулық орталығына келген. Екі бірдей тізесі сыр берген жігіт дәрігердің қабылдауына ешқандай да кезек күтпестен кірді. Узи аппаратымен қаралған науқастың санаулы минуттардың ішінде диагнозы да белгілі болды.

Артем Оверко, қала тұрғыны:

-Тізе буындарым сыр беріп, қатты ауырған соң келдім. Мұнда қарап бірден диагнозын қойды. Енді емделетін боламын. Барлығы жылдам. Ақ халаттылардың көрсеткен қызметіне разымын.

Ал келесі бетте травматология-ортопедия кабинеті орналасқан. Бұл жерде дәрігер балаларды, дененің дұрыс қалыптасуы бағытында жұмыс жасайды.

Бұдан бөлек, орталықта физиотерапия және емдік дене шынықтыру бөлмесі де бар. Мұнда ересектермен қатар балаларға электролиз, физио емдеу, магнитотерапия жүргізіледі. Бөлме дене қимылдарына арналған түрлі тренажерлермен жабдықталған. Ал, диагностикалық жедел-зертхана кабинетінде мамандар жапондық және германдық озық құрылғылардың көмегімен тиісті сараптама нәтижелерін аз уақыттың ішінде анықтай алады.
Айта кеткен жөн, орталықта 22 адам жұмыспен қамтылған.

Ольга Ашимова, «Панацея» отбасылық медицина орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

-Бізде кішкентайлармен қатар олардың ата-аналарына да медициналық көмек көрсетіледі. Орталықта бірінші және жоғары категориялы педиатр, терапевт, травматолог, нефролог, кардиолог, гинеколог, реабилитолог және басқа да дәрігер-мамандар жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, орталықта жасалған диагноздар мен сараптама жұмыстары арнайы бағдарлама арқылы компьютерде электронды түрде сақталады.

 

 

Акбопе Танирберген