МТРА жаңалықтары

СҚО-да қар құрсауынан 93 адам және 45 көлік құтқарылды

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

-Қаңтардың 15-і ауа райы күрт бұзылып өңірімізде боран басталды. Мұның салдарынан жолға шыққан машиналар қар құрсауында қалды. Алайда, аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері іске дер кезінде кірісіп, жолаушыларды құтқарды. Мәселен, 16-шы қаңтар күні түнде, Жамбыл ауданындағы “Пресновка – Бауманово” бағытындағы тас жолдан 11 жүк көлігі шығарылды. Адамдардың арасында суықтан зардап шеккендер жоқ.

Сондай-ақ, осы күндері тұрғындардың алыс бағыттарға шықпауларын ескертетін ақпарат ұялы байланыс құралдары арқылы жолданды. Қаңтардың 15-і күні өңір бойынша 584 мың абонентке жолдардың жабық екендігін растайтын смс хаттар жіберіліпті.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

 

-Тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты хабарламалар күндізгі сағат үштен кешкі 19.00. аралығында жолданды. Жалпы үш күннің ішінде смс хаттар 1 миллионнан аса телефон нөміріне жіберілді.

Синоптик мамандардың айтуынша жақын арада ауа райының бұзылуы күтілмейді. Сейсенбі, күні сынап бағанасы -20-25 градустың маңайында болмақ. Ал, сәрсенбіде температура 10-15 градус шамасында нөлден төмен түседі. Желдің күші бұл күндері секундына 9-14 метрге жетеді.

Култанов Байболат