Спорт

Петропавлда облыс әкімінің кубогы үшін шайбалы хоккейден турнир бастау алды

Владимир Бубенко – облыс әкімінің орынбасары:

-Қазір біздің облыста қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр қазан айында қаламызда зәулім Спорт сарайы ашылды. Оған жерлесіміз – Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың есімі берілді. Бұл солтүстікқазақстандық өскелең ұрпақтың дене шынықтырумен айналысуларына үлкен серпін болмақ.
Бүгінгі жарысқа қатысушы хоккейшілерді турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Сайыста тек шын мықты жеңіске жетсін.

Осыдан соң жарыстың тартысты кездесулері басталды. Ең алғаш болып мұз айдынға Қызылжар мен Уәлиханов ауданының құрамалары шықты. Ойынның бірінші минуттарынан басымдық танытқан ақ жейдегі спортшылар қарсылас қақпаға бірнеше шайба салып, есепте алға шықты.

Үш кезеңнен тұратын кездесуде қызылжарлық хоккейшілер қарсыластарына айқын басымдық танытып, өздерінің турнирдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Константин Серик – “Добрая рать” хоккей құрамасының өкілі, Қызылжар ауданы:

-Құрамадағы жігіттер жеңіске жетулері үшін барларын салды. Енді алдағы ойындарға дайындаламыз. Қарсыластарымыздың барлығы мықты. Жалпы жарыс маған қатты ұнады. Бұл жерде біз өзіміздің бұрыннан таныс әріптестерімізбен кездесіп, өткен күнді еске аламыз.

Петропавлда облыс әкімінің кубогы үшін бастау алған шайбалы хоккейден турнир наурыз айына дейін жалғасады.

 

 

Култанов Байболат