Спорт

Петропавлда футбол орталығы ашылды

2013 жылы бюджет қаржысының есебінен мектеп қайта жөндеуден өтіп, футболшылар тұратын және тамақтанатын база іске қосылған. Бұдан соң Ерлан Қожағапанов “Жеңіс” балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне аттанды. Бұл жерде құрметті мейман спорт мұражайын аралап, бапкерлер мен жас аяқдоп шеберлерімен әңгімелесіп, жағымды жаңалықпен қуантты.

Ерлан Қожағапанов – Қазақстан футбол федерациясының президенті:

-Осы жылы біз ел бойынша барлық облыс орталықтарында футбол манежін салуды жоспарлап отырмыз. Мұндай нысан, әсіресе қысы қытымыр өңірлерге аса қажет. Себебі, жастар суық күндері футбол ойнай алмай, жаттығуларын тоқтатады. Бұлай жалғаса берсе біздің отандық футбол дамымайды. Енді бұл мәселе оң шешімін таппақ. Бұл манеждерді тұрғызуға УЕФА – Еуропа футбол ассоциациясының одағы қаржылай көмек көрсетеді.

Кейін Ерлан Қожағапанов “Қарасай” стадионы мен “Қызыл-Жар СК” футбол клубының базасымен танысты. Өткен жылы мұнда демеушілердің қаржысына спортшылардың киім ауыстыратын бөлмесі жөнделіпті. Ал елордалық мейман аялдаған соңғы нысан ол Спорт сарайы болды. Жаңадан салынған ғимарат ішіндегі алып мұз айдыны, жеңіл атлетикалық манеж бен жаттығатын базалар келген қонақтардың көңілінен шықты.
Сондай-ақ, Ерлан Қожағапанов футбол орталығының ашылу салтанатына да қатысты. Іс-шараны ашқан облыстық футбол федерациясының президенті, өңір жетекшісінің орынбасары Мұхтар Манкеев осындай тамаша жаңалықпен болашақ теңбіл допшыларды құттықтап, жарқын жеңістер тіледі.

Мұхтар Манкеев – СҚО футбол федерациясының президенті, облыс әкімінің орынбасары:

-Қазіргі таңда өңірімізде 1200-ден астам жасөспірім футболмен айналысады, оларға 50-ден аса бапкер дәріс береді. Болашақта бұл санды ұлғайтып, футболымызды жаңа деңгейге шығармақшымыз.

Жалпы “Қызыл-Жар СК” ФК жанынан ашылған футбол орталығында балалар және жасөспірімдер спорт мектебінен іріктелініп алынған 280 бала тәлім алмақ.

Вячеслав Колода – “Қызыл-Жар СК” ФК жанындағы футбол орталығының жетекшісі:

-Үздік ойыншылар футбол орталығында жаттығу керек. Яғни, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде толыққанды оқып болған аяқдоп шеберлері футбол орталығында білімін жалғастырады. Қазір бізде 9 жас ерекшелік бойынша балалар іріктелініп алынды. Оларды 50-ден аса білікті бапкер жаттықтырады. Айта кету қажет, футбол орталығында тек “Б” дәрежесіндегі бапкерлер ғана жұмыс істей алады.

Осыған дейін бұндай орталықтар ел бойынша солтүстіктен басқа барлық өңірде ашылған. Енді міне кезек теріскейге де келіп жетті. Бұл ел футболының болашағы жас өрендерге өз шеберлігін арттыруға тың серпіліс бермек.
Бұдан соң Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де футбол десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылықпен кездесті. Жиын барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин өңірдегі футболдың бүгінгі жай-күйімен таныстырып өтті.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Қазіргі уақытта облыста шағын және үлкен футболмен 37 мыңға жуық адам айналысады. Бұл жалпы бұқара спортымен шұғылданатындардың 22,8 пайызын құрайды. Ол үшін өңірде 32 стадион бар. Оның 4-уіне жасанды алаң төселген.

Қазіргі таңда еліміз футболдан әлемдік рейтингіде 136-шы орында тұрақтап тұр. Бүгінде орта есеппен алғанда футбол ойыны дамыған елдерде 100 мың адамға 85-90 алаңнан келсе, бізде Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,5-ді құрайды. Бұл ретте Ерлан Қожағапанов мырза УЕФА – Еуропа футбол ассоциациясының одағының қаржылай көмегінің арқасында манеждер салынатындығын жеткізді. Сондай-ақ, жиында елордалық мейман осы салада білікті бапкерлердің жетіспеушілігін де айтты. Мәселен, қазіргі таңда футболдың Отаны – Англияда 1 жаттықтырушыға 3 баладан келсе, біздің елімізде бұл сан 342-ге жетіп отыр.

Ерлан Қожағапанов – Қазақстан футбол федерациясының президенті:

-Елімізде футболдың әлеуетін арттыру – қазір өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Біздің ертеңгі болашағымыз – ол жастар. Сол себепті, қазірден бастап жасөспірімдердің футболын жоғары деңгейге шығару керек. Олармен айналысатын бапкерлер де өкінішке орай тапшы. Төленетін жалақылары да төмен. Орта есеппен алғанда футбол мектебіндегі жаттықтырушының еңбекақысы 150 мың теңгені құрау керек. Ал бізде қазір 50 мың теңге болып отыр. Бұл мақсатта біраз іс атқару қажет.

Бұл жұмыстар тиісті деңгейде атқарылса, келешекте футболымыз жоғары сатыға көтерілетініне сенім зор.

 

 

Риат Шони