Денсаулық сақтау

Медициналық ұйым мен емделуші арасында келісім шарт жасалған жөн

Светлана Кашенцева – №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

-Келісім шартта пациенттердің құқықтары түсінікті жазылған. Біздің нұсқада бұл құжат екі тілде шығарылды. Мұнда қызмет көрсету шарттары мен тәртібі, тараптардың құқықтары мен міндеттері сынды бірқатар нормалар көрсетілген. Негізі бұл келісімшартты біз емделушілермен мерзсімсіз уақытқа жасаймыз. Егер де пациент емделу орнын ауыстырса, онда құжат күшін жояды.

Медицина саласындағы бұл өзгеріс ел бойынша былтыр қолға алыныпты.
Бүгінде әр тұрғынның заң аясында құқығы қорғалуы үшін қолында келісім шарт болғаны дұрыс. Десе де бұл әркімнің өз еркі дейді жергілікті ақ халаттылар.

Мариям Бапанова – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

-Облыс тұрғындары мен медициналық ұйымдардың арасында жасалатын үлгілік шартқа қол қою жұмыстары біздің өңірде әлі де жалғасуда. Бұл бізде біраз уақыт алады. Өйткені, біз емделуші адаммен әңгімелесіп, оған құжаттың маңыздылығын түсіндіруіміз қажет. Кейбіреуі келісімшарттан бас тартып та жатыр. Бірақ, солтүстікқазақстандықтардың біраз бөлігі екі жақты келісімге отырды.

Ал мынау – Петропавл қаласында орналасқан жеке меншік емханалардың бірі. Мұнда олар коммерциялық қызметтен тыс, мемлекеттік тапсырыспен де жұмыс жасайды. Айту керек, ем-домға көшпес бұрын дәрігерлер алдымен емделушілерімен екі жақты келісімшартқа қол қояды екен.

Ғалия Бижанова – «Данара» ЖШС директоры:

-Біз бұл келісімшартты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұйрық шығарған уақыттан бастап жасап келеміз. Өйткені, дәрігерлерге емделушілердің денсаулығы – бірінші орында. Бұл құжат, әсіресе жекеменшік емханалар үшін тиімді. Онда екі жақтың да құқықтары анық жазылған. Бастапқы кезде пациенттеріміз таң қалып, ойланамыз деуші еді. Қазір барлығы да түсіністікпен қарауда.

Айту керек, солтүстікқазақстандықтардың біразы бұл өзгеріске өз қолдауларын білдіруде.

-Әрине, келісімшартқа отыру өте дұрыс. Бұрындары стационарға түскен кезде ғана уақытша келісімшарт жасасатынбыз. Қазіргі кезде бұл керек құжат. Емделушілер өз құқықтары мен міндеттерін білуі тиіс.

-Менің ойымша, бұл – қажет құжаттардың бірі. Егер де құқықтарымыз бұзылып жатса, онда екіжақты жасалған келісімшартқа сүйенуге болады.


Айгерим Ержанова