Құқық қорғау органдары

34 жастағы петропавлдық көшеде аң атуға арналған шолақ мылтықпен ұсталды

Төлеген Садуов – Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция батальонының бөлімше командирі:

-Біз бір такси көлігін тоқтатып, жолаушыларынан төлқұжат сұрадық. Олар оны өзімен бірге алып шықпапты. Кенеттен біреуі қобалжи бастады. Оған зер салып қарадық, сөйтсек, сырт киімінің жеңінің ұшынан аңға шығуға арналған шолақ мылтықтың сабы шығып тұр екен.

Сол жерге жедел-тергеу тобы дереу жетіп, күдік тудырған екі азаматты қалалық ІІБ-ның бірінші полиция бөліміне жеткізеді. Олардан тәркіленген шолақ мылтық сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.

Еркебұлан Әбділманов – Петропавл қалалық ІІБ жедел-криминалистикалық бөлімінің бастығы:

-Сот-баллистикалық сараптама арқылы тәркіленген заттың 16-шы калибрлі аңға шығуға арналған қару екенін білдік. Мылтық атуға, яғни пайдалануға жарамсыз болып шықты. Дара ұңғымалы аңшылық қаруы шамамен 1949-55 жылдары жасалған. Тергеу көрсеткендей, 34 жастағы азаматтың бұған дейін мүлік ұрлығы үшін басы істі болған. Ер адам бізге суық қаруды үйдің жертөлесінде кездейсоқ тауып алдым деді.

Тәркіленген қару жарамсыз болғанымен де оның иегері қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қазір тергеу амалдары жалғасуда.
“Қаруды заңсыз сақтау” бабы бойынша күдікті бес жыл бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 

Берик Касен