Аптадағы маңызды жаңалықтар

Селолық округ әкімдері халық алдында есеп беруде

Бауыржан Мусин – Прибрежный ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

-Округте барлығы 42 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда шамамен 160 адам еңбек етеді. Шаруалар мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуда. Былтыр мүйізді ірі қара мал мен жылқы саны айтарлықтай артты. “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 2 кәсіпкер шағын несие алып, 4 адамға жұмыс берді.

Бүгінде Прибрежный ауылдық округіне қарасты екі село орталықтандырылған топтық су тарату желісіне қосылыпты. Ал Шаховское ауылының тұрғындары әзірге ұңғымадағы суды пайдалануға мәжбүр. Біразының тіршілік көзінің сапасына көңілдері толмайды. Келешекте бұл елді мекенге де “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында таза ауыз су жетуі мүмкін. Әкімнің айтуынша, қазір өтініш Ауыл шаруашылығы министрлігінде қарастырылу үстінде.
Бұдан өзге Прибрежный ауылдық округінің 700-ден астам тұрғыны “Крахмал-Агро” ЖШС-гінен жерлерін ала алмай жүр.

Александр Мамкин – Шаховское селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Жеріміз қостанайлық “Крахмал-Агро” ЖШС-гінің қарамағында. Аталмыш компания басшысы бүгінде халыққа жер пайы үшін берілетін төлемді дұрыс үлестірмейді. Олар жыл сайын дымқыл бидай мен арпа береді. Ол көп сақтауға келмейді. Сондықтан, біз жерімізді “Абижер” ЖШС-не тапсырғымыз келеді. Алайда, “Крахмал-Агро” кәсіпорнының жетекшісі бізге жерімізді кері қайтарар емес. Осы мәселені ауылдық округтің әкімі шешіп берсе деймін.

Прибрежный ауылдық округінің әкімі пай мәселесі туралы хабардар екен. Бауыржан Мусин бұл өтініш аяқсыз қалмайды деді.
Округте автобустар пен “Газель” көліктері бекітілген кесте бойынша облыс орталығына қатынап тұрады. Бұл жағынан айтарлықтай мәселе жоқ. Тек тұрғандар “Газель” автокөлігінде орындар аз дейді. Кейде жолаушылар қоғамдық көлікке сыймай қалып, жолынан қалып жататын көрінеді.

Людмила Маслова:

– “Газель” көлігінің іші тар, орындықтар аз бізге үлкен автобус керек.

Бауыржан Мусин – Прибрежный ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

 

-Әкім үлкен автобус қалаға күнде толы бармайды. Сондықтан, тасымалдаушыларға бұл тиімсіз, жол шығынын ақтамайды.

Жалпы Прибрежный ауылдық округінің тұрғындары Бауыржан Мусиннің жұмысына оң бағасын беруде.

-Қазір түрлі адамдар бар, сәйкесінше олардың өтініштері де әр түрлі. Кейбіреуі орынсыз мәселені қозғайды. Негізі менің округ әкімінің жұмысына көңілім толады. Қабылдауына барғанымда қабағын шытпай, менің барлық сұрақтарыма жауап беріп, тілегімді сабырлықпен тыңдайды.

-Бауыржан Әміржанұлы – адамгершілігі жоғары адам. Басқарушылық қабілеті жақсы. Кейде бір мәселені айтып барсаң, оны орындауға тырысады. Оның жұмысына көңілім толады. Ешқандай шағымым жоқ.

Биыл осы елді мекенде жеке кәсіпкерлер қоғамдық монша, дүкен, шаштараз, техникалық қызмет көрсету бекетін ашпақшы. Ал Прибрежный селосында дәріхана пайда болады. Бүгінде “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасына қатысуға жергілікті 11 кәсіпкер өтініш берген. Қазір ұсыныстар қарастырылу үстінде. Сәтін салып жобалар мақұлданса, жоспар бойынша 30-ға жуық жұмыс орны пайда болуы мүмкін.

Берік Қасен