Спорт

Петропавлдық “Құлагер” ХК елордалық “Астананы” ірі есеппен тізе бүктірді

Жіберілген голдан теріскейліктер тез арада ес жинап шабуылдарына қарқын қосты. Тынымсыз еңбек көк жейдедегі спортшыларға өз жемісін берді де. Кездесудің 7-інші минутында Владислав Никулиннің жойқын соққысынан ұшқан шайбаға жас қақпашы Олжас Қожабек тосқауыл бола алмады.
Бұған соң бірінші жиырма минуттықта хоккейшілер қанша тырысып баққанымен есепті өзгерте алмады.

-Бүгін де біздің жігіттер жақсы ойнауда. Кешегі кездесу сияқты құлагерліктер жеңіске жетеді деп ойлаймын.

-Біздің “Құлагер” хоккей командамыз бірінші периодта өте жақсы ойнады. Енді, келесі ойын бөлігінде жерлестеріміз гол соққанын қалаймын.

Ал, екінші период елордалық ұжым үшін сәтсіз өтті. Бұл ойын бөлігінде жерлес хоккейшілер қарсылас команда қақпасын 8 мәрте дәл көздеді. Алдымен Максим Волков, одан соң Кирилл Елагин көзге түсті. Сондай-ақ, көк сызықтың бойынан шірене тартқан Сергей Журиковтың шайбасы қарсылас қақпада тулады.

Сонымен есеп төрт те бір. Бұнымен теріскейлік ұжымның гол соғуы тоқтаған жоқ. Ұтымды сәтте Анатолий Васильев қос шайба авторы атанды. Қалған минуттарда құлагерлік ойыншылар Ильгиз Нуриев пен Александр Егоровтар да мергендік танытты.

Елордалық хоккейшілер екінші жиырма минуттықта бұған тек бір голмен жауап қатты. Ал, үшінші периодта ойыншылар таблодағы есепті қанша өзгертуге тырысқанымен бір-бірінің қақпасына шайба сала алмады.

Владимир Гребенщиков – “Кұлагер” ХК қорғаушысы:

-Өздеріңіз көргендей астаналық ұжымның ойыншылары – өте жас жігіттер. Соған қарамай жақсы ойнау үшін тырысып бақты. Дегенмен, тәжірибенің аты – тәжірибе. Бастапқыда салғырт өнер көрсеткенімізбен соңында жеңісті қарсылас команданың қолынан жұлып алдық.

Матч соңында өткен баспасөз мәслихатында “Астана” құрамасының бапкері құлагерліктермен өткен ойынды қорытындылап, не себепті ірі есеппен ұтылып қалғандарын түсіндірді.

Владимир Матюхин – “Астана” ХК бас бапкері:

-Біздің командадағы ойыншылардың көпшілігі жас. Әлі шеберліктері шындалмаған. Және құлагерліктер соңғы кезде жақсы ойнап жүр. Олардың қарқынына екінші периодта төтеп бере алмадық. Жалпы хоккейшілеріме бүігн көңілім толмады. Қақпашы мүлде осалдық танытты.

Осы кездесуден соң теріскейлік ұжым 71 ұпаймен турнирлік кестеде үшінші орынға тұрақтады. Енді жерлестеріміз кезекті ойынды қаңтардың 18-і мен 19-ы күндері сырт алаңда павлодарлық “Ертіспен” өткізеді.

 

Култанов Байболат