Спорт

“Құлагер” ХК турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілді

Алайда, қонақтар тасқамал қорғанып, Александр Смелянц күзеткен қақпаға шайба жібермеді. Кездесудің басында қос команданың ойыншылары тәртіп бұзып, тартысты 4х4 форматында жалғастыруға мәжбүр болды. Осыны жақсы пайдалана білген астаналықтар есеп ашып, алға шықты.

Осыдан соң, мұз үстіндегі текетірес қыза түсті. Дегенмен солтүстікқазақстандық хоккейшілер бірінші периодта шайба салуға қанша тырысқанымен таразы басын теңестіре алмады.
Екінші жиырма минуттықта Вячеслав Беланның шәкірттері ес жиып ойынды сауатты бастады. Ұрымтал сәттердің бірінде 21-ші нөмірдегі Владислав Никулин таяқ тастам жерден шайбаны қарсылас қақпаға бағыттап, таблодағы есепті өзгертті. Одан соң Анатолий Васильев пен Максим Волковтар көзге түсіп бір-бірден гол авторлары атанды.

Осылайша екінші периодта жерлестеріміз басымдық танытты. Мұз айдынындағы тартыс үшінші кезеңде де бәсеңдемеді. Мұнда жергілікті құрама ойыншылары сауатты өнер көрсетіп елордалық хоккейшілердің көсілуіне еш мүмкіндік бермеді. Соңғы жиырма минуттықтың басында Антон Дубининнің пасын пайдасын жаратқан Игорь Валеев көзге түсті. Одан соң қонақтар бір шайбамен есеп айырмасын қысқартты. Қалған ойын бөлігінде құлагерліктердің жаңа қорғаушысы Кристапс Ниманис белсенділік танытып, өз қоржынын ұпаймен толықтырды.
Ал, кездесудің аяқталуына 1 минут қалғанда теріскейлік шабуылшы Данияр Хасенов гол соғып, есепті 6:2-ге жеткізді. Бұл шайба жығылғанға жұдырық болды.

Кристапс Ниманис – “Құлагер” ХК қорғаушысы:


–  Астаналық ұжыммен ойнау біздер үшін оңайға түскен жоқ. Құрама сапында жас ойыншылар болғандықтан бастапқыда біраз қарсылық танытты. Алғашқы периодта босаңсып, гол жіберіп алдық. Ал, қалған ойын бөлігінде бапкердің айтқан ақылын пайдаланып сауатты өнер көрсеттік. Енді келесі кездесулерде қателіктерге бой алдырмауға тырысамыз.

Петропавлдық “Құлагер” ХК мен елордалық “Астана” арасындағы қарымта кездесу қаңтардың 14-і кешкі сағат 19:00 де өтеді.

Култанов Байболат