Өнеркәсіп

“Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС-гі өнімдерінің бағасын 4-8 теңгеге көтерді

Компания басшылығы былтыр жаңғырту жұмыстарына 52 млн теңге жұмсапты. Оның 30 пайызы кәсіпорын қаражаты болса, қалған сомасын “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несие арқылы рәсімдеген. Бұл өзгерістер өнім сапасын жақсартуға септесетін көрінеді. Сондай-ақ, мұнда 20-30 жылдан артық еңбек өтілдері бар мамандар жұмыс істейді.

Татьяна Коростелева – “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС наубайшысы:

– Мен осында 22-ші жыл наубайшы болып жұмыс істеймін. Қызметім өзіме ұнайды. Мына қалыптарға түскен қамырдың салмағын өлшеп тұрамын.

Бүгін, яғни қаңтардың 14-і Петропавл нан-тоқаш комбинаты қарабидай, сібір, оңтүстік деп аталатын нан түрлерінің құнын төрт-сегіз теңгеге көтеруде. Серіктестік әкімшілігі мұны шикізат пен ақылы қызметтердің қымбаттауымен байланыстырып отыр.

Ерлан Қайшыбеков – “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС бөлім жетекшісі:

– Әзірге, әлеуметтік маңызы бар нандардың бағасы өскен жоқ, бұрынғысынша 45 теңгеден сатылуда. Нанның осы түрі алдағы уақытта сәл көтерілуі мүмкін. Өйткені, ұн, май сынды шикізаттар мен электр қуатының бағасы өсуде.

Тағы бір ескеретін жәйт, бұған дейін ас атасының бағасын тұрақтандыру үшін осы тектес кәсіпорындарға мемлекеттен субсидия төленіп келген болатын. Енді, наубайханаларға айналым қаражаты есебінен күнелтуге тура келеді. Бұл да әлбетте бір бөлке нанның құнына әсер етпей қоймайды. Бағаның өсуіне кейбір тұтынушылар қарсылық білдірсе де, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып түсіністікпен қарауға болады дейді.

Галина Бондаренко – қала тұрғыны:


– Иә, нан бағасының өсіп жатқандығынан хабардармын. Бірақ, мен өзім ұнатқан тоқаштар мен батондардан осыған бола бас тартпаймын. Бағаның көтерілуіне түсіністікпен қарауға болады деп есептеймін. Өйткені, қазір кәсіпорындарға да оңай емес. Шығындары көбейген шығар.

Нина Конюхова – қала тұрғыны:


– Мен өзім Петропавл нан-тоқаш комбинатында 42 жылға жуық жұмыс істедім. Бұл кәсіпорынның өнімі жақсы. Наның бағасы өсіп жатқандығын естідім. Айтарлықтай қымбаттамайтын шығар. Егер шығындарымды қысқарту керек болса, өзім үйде қамыр илеп, нан пісіретін боламын.

Петропавл нан-тоқаш комбинаты бүгінде 70-тен астам өнім түрін шығарады. Осы күні аталмыш мекеменің өнімдерін жекелеген аудандар мен облыс орталығы тұрғындарының көбі тұтынады. Бұдан бөлек серіктестіктің Петропавл қаласында нан сататын 23 сауда нүктесі бар.

Берік Қасен