МТРА жаңалықтары

Мәжіліс депутаттарының үндеуін қолдау

Халық қалаулыларының пікірінше Мәжіліс депутаттары сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу дағдарысқа қарсы реформаларды жүзеге асыруда іс-әрекеттерді барлық деңгейде үйлестіруге және бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік бермек.

Мәжіліс депутаттарының ұсынысын теріскей тұрғындары да қызу талқылауда. Қоғам өкілдерінің айтуынша төменгі палата депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізу еліміздің көздеген мақсаттарына жетуге оң әсерін тигізбек.

Гүлбақша Мұсабаева – «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» ҚБ төрайымы:

– Кешегі күні жарияланған Парламент депутаттарының кезектен тыс сайлау идеясын өз басым дұрыс деп есептеймін. Бұл саяси өзгеріс экономикалық дағдарыс кезінде халықты біріктіретіні сөзсіз. Меніңше, бұл идеяны қоғам қабылдап, Президент Жарлығы шықса, елімізде көптеген оң өзгерістер орын алады.

Сергей Худяков – СҚО Азаматтар альянсының төрағасы:


– Кеше ғана Парламент Мәжілісінің депутаттары бірауыздан осы жылдың көктемінде кезектен тыс депутаттар сайлауын өткізу туралы ұсыныс тастады. Бұның халқымыз үшін саяси маңызы бар. Әзірге, нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ, менің ойымша қазақстандықтар Елбасының кез келген шешімін қолдайды. Өйткені, ол барлығын да халық игілігі үшін жасайды. Мен де өз елімнің азаматы ретінде бұл идеяны қолдаймын. Өйткені, бұл – ұсыныс мемлекетіміздің алға қарай дамуына үлкен ықпал етпек.

Айгерим Ержанова