МТРА жаңалықтары

Мамлютка қаласының әкімі шаһар тұрғындары алдында есеп берді

Бұл Мамлютка қаласының әкімі Серік Бәкеевтің тұрғындармен өткізіп отырған 6-шы есептік кездесуі. 7300 халқы бар аудан орталығын басқарып отырған әкім өзіне қарасты аумақтағы түйткілді мәселелерді бес саусағындай біледі. Ең алдымен Серік Бәкеев шаһардың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, атқарылған істерге қысқаша шолу жасады. Аудан орталығында қой жылы қыруар жұмыс тындырылыпты. Мәселен, былтырғы есептік кездесуде Мамлютка қаласының Жұмысшы кенті тұрғындарынан 4 өтініш келіп түскен. Шағымдардың дені жол жөндеу мен қаңғыбас иттерді құрықтауға қатысты болған. Қазіргі уақытта олардың басым бөлігі өз шешімін тауыпты.

Серік Бәкеев – Мамлютка қаласының әкімі:


– Бұл сұрақтың бірі Мамлютка қаласында 2-ші мектептің салынуы біте ме бітпей ме деген сұрақ болды. Екіншісі жаңа мектеп салынысымен ескі мектептің жағдайы қалай болады деген сауалдар келіп түсті. Үйлерді жарықпен қамту мен бос жүрген иттердің жағдайы және жол мәселесі. Қазір мектеп салынып, қолданысқа берілді. Ескі мектеп байқау негізінде саудаға қойылды. Жолдарды жөндеу бойынша бүгінгі күні 55 миллон теңгеге жөндеу жүргізуге жоспарлап отыр. Жарық бойынша 2 миллион теңгеден астам ақшаға жөндеу жүргізіледі.

Аудан орталығында жұмыссыздық мәселесі де оң шешімін табуда. Қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен жаңадан ашылған бизнес субьектілерінің арқасында 120 тұрғын екі қолға бір күрекпен қамтылған. Осы күні тағы 13 жұмыссызды еңбекпен қамту жолдары қарастырылып жатыр. Мамлютка қаласының тұрғындары тіршілік көзінен де тарығып отырған жоқ.

Серік Бәккев – Мамлютка қаласының әкімі:

– Ауыз су бойынша қазіргі кезде Мамлюткада 92 су колонкасы бар. Енді “Ақ бұлақ” бағдарламасымен Алматыдан адамдар келді. Алдағы жоспарлар нақтыланып жатыр. Оған қарамай 500 үй 2-3 жылдың ішінде өз күштерімен үйлеріне ауыз суды кіргізіп алды. Бізге 3-4 дәрігер жетпей жатыр. Сондықтан кей мамандар қаладан келіп, жұмыс істеп жатыр.

Мамлютка – елімізде шағын қалаларды дамыту бағдарламасына енгізілген. Жоба бойынша бөлінуі тиіс 8,2 миллиард теңгеге мұндағы әбден тозығы жеткен ойдым-ойдым жолдар қалыпқа келтірілмек. Қала басшысының баяндамасынан соң, сөз кезегі жергілікті тұрғындарға берілді. Қаланың Жұмысшы кентіндегілерді кейбір көшелерде жарықтың болмауы және әлі де болса қаңғыбас иттердің шығуы толғандыруда. Барлық арыз-шағымдар қаперге алынып, мәселелер шешіледі, тек оған уақыт керек деді шаһар әкімі. Жалпы елді мекен тұрғындары Серік Бәкеевтің жұмысына оң бағасын берді.

Аудан орталығының жетекшісі алдағы уақытта тұрғындармен тағы 2 есептік кездесу өткізеді.

 

Бақыт Сәдуақасов