Қоғам

Петропавлда ПИК төрағаларының қорытынды жиналысы өтті

Владимир Айперт – “Чайковского, 21” ПИК төрағасы:

– Біздің үйде жылу тарататын жалғыз элеватор орнатылған. Жылу бірінші және соңғы – сегізінші подъездердегі пәтерлерге жүйелі түрде бармайды. Себебі, элеватордың тиісті параметрлері сәйкес келмейді. Бұл сұраққа маған “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің бас инженері Александр Захарьян алдағы уақытта реттейтіндігін жеткізді. Жауабына көңілім толды. Негізі осындай кездесулер өте пайдалы және қажет деп ойлаймын.

Жиындағы әңгіме барысы пәтерді жалға берушілер тақырыбына келгенде қыза түсті. Кооператив төрағаларының айтуынша кей тұрғындар өз баспаналарын жасырын түрде уақытша жалға тапсырып, табысқа кенеледі. Ал үйдің күтіміне деп ақша жинаған кезде бермейтін көрінеді.

Анатолий Мурзыканов – Петропавл қаласы ІІБ бастығы:

– Сіздер үйдің күтіміне ақшаны кімдер тұрақты түрде тапсыратыны жайында тізім құрыңыздар да қала әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишинге ұсыныңыздар. Кейін біз одан сол тізімді алып төлем тапсырмайтын пәтерлерді аралаймыз. Ол біздің де жұмысымызды жеңілдетеді. Мемлекетке салық төлемей, жасырын түрде баспананы жалға беретіндерді жазалау қажет.

Сондай-ақ, жиында ауланың қауіпсіздігі де талқыланды. Бұл мәселеге қатысты қала әкімі Марат Тасмағанбетов көпқабатты үйлердің алдына бейнебақылау камераларын орнатқан жөн деді. Сонымен қатар, өз жұмыстарында белсенділігімен налыған ПИК-не жыл соңына қарай 3 грант бөлінетіндігін тілге тиек етті.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Қазіргі уақытта ауланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Оны шешуде жалғыз жедел жоспарлау орталығы арқылы реттеу мүмкін емес. Сол себепті, бұл жерде бейнебақылаудың көмегі зор. Ұсынысымды кооператив төрағалары қолдайды деген ойдамын.

Жалпы жиынға қатысқан 15 ПИК төрағалары өздері жолдаған барлық сұрақтарына тұшымды жауап ала алды. Алдағы уақытта қала әкімнің қатысуымен осындай кездесулер тұрақты түрде өтпек.

Риат Шони