Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 9 мемлекеттік қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады

Осындай жауапты қызметке аяқ басқандардың бірі – Әсемгүл Әбілмәжінова. Ол 2014 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ заңгер мамандығы бойынша тәмамдап, бір жылдай жеке нотариуста еңбек еткен.

Әсемгүл Әбілмәжінова – СҚО қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының жетекші маманы:


– Мемлекеттік қызметте еңбек ету – бала күнгі арманым. Осы сот саласын таңдауым да тегін емес. Сондықтан, ендігі мақсатым – қызметімді абыроймен атқару.

Бұдан соң жұмысқа енді кіріскелі жатқан қызметкерлер мен бұл саланы бұрынан тізгіндеп жүргендерді мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнің СҚО бойынша департаментiнің мамандары жаңа этикалық кодекспен таныстырды. Ол бұрынғы ар-намыс кодексін алмастырып отыр.

Дулат Тайшабай – ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгiнің СҚО бойынша департаментi бөлiмi басшысының міндетін атқарушы:

 


– Бұл құжатта мемлекеттік қызметкерлердің тұрмыста, әріптестерінің алдында және БАҚ-пен қарым-қатынас жасағанда өзін-өзі қалай ұстау керектігі қарастырылған. Этикалық кодекс тағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға, мемлекеттік қызмет саласында түрлі заңбұзушылықтарға жол бермеуге септігін тигізеді.

Жиында, сондай-ақ, мемлекеттік қызметке өтудің тәртібі түсіндіріліп, залға жиналғандар көптеген сауалдар жолдады. Селекторлық режимде ұйымдастырылған шарада аудандардан да түрлі сұрақтар түсіп жатты. Жалпы енгізілген тиісті заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар аталған саланың жұмысын жетілдіруге бағытталған.

Магжан Ахмадина